Шымкентте полиция қамаудан шыққан белсендіні "жақтастарымен кездестірмес үшін" күштеп әкетті

Полицейлер белсенді Данияр Байтілеудің жақтастарына кедергі келтіріп жатыр. Шымкент, 14 қаңтар 2021 жыл.

Шымкентте "заңсыз митингіге шақырғады" деген айыппен 8 күнге қамалып, 14 қаңтарда босап шыққан Данияр Байтілеуді полицейлер күштеп көлікке салып алып кетті. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Полиция бес тәулікке қамалып шыққан тағы бір белсенді Ерғали Құлбаевқа тиіскен жоқ.

Байтілеу полицейлерге "жібер!" деп айғайлағанымен, олар талапқа құлақ аспады. Белсендінің жақтастары полиция көлігін бөгемек болғанда полицейлер оларды шетке ысырып, көлікті шығарып жіберді. Белсенділер "масқара!" деп айғайлады.

Содан кейін өзін Еңбекші ауданы әкімінің орынбасарымын деп таныстырған адам жиналғандарды тарауға шақырды.

Байтілеуді күтіп алуға келген жақтастары полиция оны белсенділермен кездестірмес үшін көлікпен алып кетті деп топшылайды. Ал полиция Байтілеуді үйіне апарып тастаймыз деп түсіндірді. Кейін Азаттық тілшісі Байтілеуге хабарласқанда ол үйіне жеткенін айтты.

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топтың өкілі Данияр Байтілеуді және "Халық таңдауы" партиясын құруды жоспарлайтын топтың мүшесі Ерғали Құлбаевты "сайлау күні халықты заңсыз митингіге шақырды" деп қамаған. Белсенділер тағылған айыпты мойындамайды.

Екі белсенді де бұдан бұрын бірнеше рет "жердің сатылуына", "саяси тұрқындардың босатылуы" сынды наразылық шарасына қатысып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, қамалған.

10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауы алдында оппозициялық топтар – "Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топ, "Oyan, Qazaqstan" жастар қозғалысы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысы (Қазақстан бұл ұйымды "экстремистік" деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған) жұртты бейбіт митингіге шақырған еді.

Сайлау алдында елдің әр аймағында белсенділер ұсталып, "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп 5-10 күнге қамалған.

Тәуелсіз бақылаушылар 10 қаңтарда Қазақстанда өткен сайлауды әділ өтпеді деп атады. Олар дауыс беру кезінде көптеген заң бұзу мен қысым болғанын мәлімдеді. Сайлау күні елдің бірнеше қаласында дауыс беруге бойкот жариялауға шақырған, биліктен реформа талап еткен наразылық шарасы өтті. Құқық қорғаушылардың есебінше, 10 қаңтарда елде 300-дей адам ұсталған.

Еуропа одағының сыртқы істер және саяси қауіпсіздік бойынша өкілі Питер Стано "Қазақстан азаматтарында шынайы таңдау мүмкіндігі болмады" деп мәлімдеді. Ол елде саяси бәсекенің жоқтығын, "2013 жылдан бері елде бірде-бір [жаңа] партия тіркелмегенін" атап өтті.

Қазақстан билігі дауыс беру кезіндегі заң бұзушылықтарды жоққа шығарады. Орталық сайлау комиссиясының есебіне сай, 2012 және 2016 жылдары сайлауда мәжіліске өткен үш партия орнын сақтап қалды. Елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы тағы да мәжілістегі басым орынды иеленді – 76 мандат.