Өзбекстанда депутаттар жаппай тәртіпсіздікке шақырғанға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды

"Миллий тикланиш" партиясы орталық кеңесінің басшысы Алишер Кодиров.

Өзбекстан парламентінің төменгі палатасындағы екі фракция жаппай тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа шақырғанға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.

"Миллий тикланиш" және "Адолат" партиялары түсірген бұл ұсыныс бірінші оқылымда-ақ қабылданды деді "Миллий тикланиш" партиясы орталық кеңесінің басшысы Алишер Кодиров.

Заң жобасында қылмыстық кодекстің 244-бабына ("Жаппай тәртіпсіздік") билік өкілінің талабына белсенді түрде бағынбау, жаппай тәртіпсіздікке және азаматтарға зорлық­-зомбылық көрсетуге шақыру әрекеттеріне жауапкершілік енгізетін тармақ қосу ұсынылған. Бұл құқықбұзушылықтарға айыппұл, 2 жылға дейінгі еңбекпен түзеу жазасы, 3 жылдан 5 жылға дейін бостандықты шектеу не 3 жылдан 6 жылға дейін бостандықтан айыру қарастырылған.

Сонымен қатар әкімшілік кодекстің 201-бабы аясында ("Жиын, митинг, шеру не демонстрация өткізу, ұйымдастыру тәртібін бұзу) БАҚ-ты, телекоммуникация және интернет желілерін және мәтінді таратудың өзге де амалдарын қолдана отырып заң құжаттарының талаптарын орындамауға жария түрде шақыру әрекетіне жауапкершілік енгізілуі мүмкін.

"Ақпараттандыру туралы" заңның 121-бабына да толықтырулар енгізілмек. Енгізілсе, веб-сайт иелері мен блогерлерге:

  • Жаппай тәртіпсіздікке, азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға, митинг пен шеру өткізу тәртібін бұза отырып жиын өткізуге шақыруға;
  • Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін жалған ақпарат таратуға;
  • Порнографияны, зорлық-зомбылықты, қатыгездікті насихаттауға, суицидке шақыруға;
  • Кәмелетке толмағандарды өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін заңсыз әрекет жасауға арандататын ақпарат таратуға;
  • Референдум және сайлау туралы заңдарда бекітілген шектеулерді ұстанбауға;
  • Жеке адамның дерегін оның рұқсатынсыз жариялауға;
  • Қоғамға, мемлекетке, мемлекеттік символдарға құрметсіздік танытатын ақпарат таратуға (Ресейде 2019 жылы наурызда осыған ұқсас заң қабылданған) тыйым салынады.

Түзетулер аясында сайт иелері сайтында өзінің аты-жөнін, заңсыз ақпараттың таратылғаны жөніндегі шағымды жіберуге болатын электронды поштаны көрсетуге міндеттенеді. Әкімшілік кодекстің 121-бабында көрсетілген ақпарат анықталған жағдайда, сайт иесі ол ақпаратты бұғаттау жөнінде жедел шешім қабылдауы керек.

Сайт иелерін сондай-ақ пікір білдірушілердің IP-мекенжайын көрсетуге міндеттеуі мүмкін.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі рейтингінде Өзбекстан 180 елдің ішінде 156-орында тұр. Содан кейінгі 157-орында Қазақстан тұр.