"Құлыбаев қарамағына өтті" делінген ҚазҰУ жеріне қатысты министр түсініктеме берді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жер учаскесінің шамамен 0,8 гектарға азайғанын растады. Бұл туралы Аймағамбетовтің мәжіліс депутаттарына жолдаған жауабына сүйенген Қазақпарат агенттігі хабарлады. Бұған дейін аталған жер телімінің бірінші президенттің күйеу баласы, елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаевқа қарайтын компанияға өткені хабарланған еді.

Аймағамбетовтің жазуынша, оқу орнының "жер телімін түзетуге қатысты пост жарияланғаннан кейін" министрліктің жұмыс тобы cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, фактілерді тексере бастаған.

"Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша ҚазҰУ жер учаскесінің 0,779 гектарға азаю фактісі расталды" делінген хатта. Онда министрлік осыған орай кешенді тексеріс жүргізуге талпынғанын, бірақ "наурыз айында республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚазҰУ-да аудит бастауына байланысты" тексеріс жүргізе алмағаны баяндалған.

Бұған дейін Азаттық университеттің қарамағындағы 0,8 гектарға жуық аумақтың бірінші президенттің ортаншы күйеу баласы, елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаевқа қарайтын компанияға өткенін анықтаған еді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Күйеу бала" Құлыбаевтың иелігіне ұлттық университет жері қалай өтті?

Жерді пайдалануға алған компания бастапқыда мәлімдемені жоққа шығарғанмен ақпарат құралдарындағы зерттеулерден кейін наурыз айында ақпаратты растаған. Компания аталған аумақта бизнес орталығы салынатынын және көгалдандыру жұмыстары жүретінін айтқан.