Белсенді Бақтыбаевты өлтірді деген күдікті тағылған айыпты мойындамайды

Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың үйі. Оны осы жерде әлдекімдер атып кеткен. Атасу ауылы, Қарағанды облысы. 1 маусым, 2019 жыл.

Қарағанды соты қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевты "тапсырыспен өлтіру" ісі бойынша айыпкерлерді тергеуді бастады. Атасу тұрғыны Бақтыбаевты 2019 жылғы 28 мамырда түн ішінде үйінің алдында әлдекімдер атып кеткен. Бүгін "кісі өлтіру" тапсырысын орындады деп айыпталған бірнеше соттылығы бар 29 жастағы ауыл тұрғыны тергелді.

Тергеушілер тұжырымы бойынша, киллер қосауызды, 16 калибрлі мылтықпен Бақтыбаевтың денесі мен басына оқ атып, оқиға болған жерден кетіп қалған. Іс материалдарына сенсек, ұстау кезінде ол қылмысын мойындап, бұл қылмысты ұйымдастыруға қатысты деген тағы бір адамның есімін атаған. Ол адам қазір кісі өлтіруге тапсырыс беруші ретінде тергеліп жатыр. Бүгін айыпкер Бақтыбаевты өлтіруге қатысы жоғын, мұны ұйымдастырды деп жазықсыз адамға кінә артқанын айтты. Айыпкердің сөзіне қарағанда, мамырдың 27-сінен 28-іне қараған түні ол досының туған күнін атап өту үшін оның үйіне барған. Оны полицейлер сол түні ұстап, таңға дейін тергеген, содан соң ол басқа қалаға жұмысқа кетіп қалған.

"Бұл қылмысқа еш қатысым жоқ. Маған қандай жауап беру керек екенін айтты. Мені ұстаған кезде полицейлер "біз үшін бастысы – бұл шулы істі жабу" деді және "абайсызда сүрініп кеткенде оқ атылып, байқамай адамға тиген" деп рәсімдейтінін айтты. Бұл үшін тек бостандығымды шектейтін жаза қолдануға уәде берді" деді айыпкер Иман М.

Айыпталушы Бақтыбаевтың өліміне байланысты жауап алудан соң Степногорск қаласына кетіп қалған, сол жерде полиция оны "адам өлтіруге әрекеттенді" деген күдікпен қамауға алған.

Сот басқа айыпталушылардан әлі жауап алған жоқ. Процесс 2020 жылдың мамырында басталған, ал айыпталушылар 2019 жылдың жазынан бері қамауда отыр. Сотталушылардың кейбірі жауаптарын өзгерткендіктен, желтоқсанда процесс тоқтатылып, оларға психологиялық-криминалистикалық экспертиза тағайындалды. Наурызда сот қайта жалғасқанымен, соңғы экспертиза нәтижесі әлі жарияланған жоқ.

Полицияның ұйғарымы бойынша, оққа ұшардан бұрын да бірнеше рет соққыға жығылып, қоқан-лоқы көрген белсенді Ғалы Бақтыбаев тапсырыспен өлтірілген. Сотқа тартылған төрт адамның барлығы жергілікті тұрғын. Тапсырысты орындаушы – Иман М. делінген, тергеушілердің айтуынша, қылмысты ұйымдастырушылар оған қару беріп, кісі өлтіргені үшін 1 миллион теңге төлеуге уәде еткен. Мұнымен бірге оған ауыл тұрғандарының терезесіне оқ атып, "бұзақылық жасады", "өлтірерден бұрын Бақтыбаевты соққыға жықты", "жарақаттайтын қаруды заңсыз сақтап, пайдаланды" және "Ақмола облысының тағы бір тұрғынын өлтіруге әрекеттенді" деген айыптар тағылған.

59 жастағы Ғалы Бақтыбаев әлеуметтік мәселелерді көтеріп, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жемқорлықты зерттеумен әйгілі болған. Бұл жайтқа назар аударған Transparency Kazakhstan ұйымы ел үкіметін істі бейтарап әрі ашық тергеуге шақырды. АҚШ мемлекеттік департаментінің 2021 жылғы 30 наурызда жарық көрген әлемдегі адам құқықтары туралы есебінде де Бақтыбаевтың қазасы туралы ақпарат бар.