Bloomberg: АҚШ пен Еуропа одағының жаңа санкциясы Ресей рубліне әсер етуі мүмкін

Ресей Украинаға басып кіретін болса, АҚШ пен Еуропа одағы Ресейдің ірі банктері мен Тікелей инвестициялар қорына санкция салуды қарастырады. Бұл жөнінде Bloomberg хабарлады.

Мұнан өзге Ресей рублін доллар, еуро және фунт стерлингке конвертациялау мәселесі де санкцияға ілінеді.

Бұл ретте ең радикалды қадам - Ресейдің қаржы төлемін SWIFT жүйесінен ажыратып тастау, бірақ агенттік сөйлескен адамның сөзінше, бұл шараның "қарапайым адамдарға зияны тиеді".

Ресей банктерін SWIFT жүйесінен ажырату мүмкіндігі жайлы АҚШ-тың CNN телеарнасы да айтты. Рас, "бұл соққы" Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялағалы бірнеше рет сөз болып басылған,-дейді журналистер.

АҚШ әкімшілігіне жақын дерек көздер бұған дейін президент Джо Байден айналасы Ресейдің Украинаға басып кіру мүмкіндігін тежей алатын түрлі санкцияларды "таразылап" жатқанын айтқан.

Қарастырылып жатқан санкциялардың ішінде Ресей президенті Владимир Путинге жақын адамдар мен Ресейдің ірі компаниялары, банктерінің басшыларына шектеулер қолдану мәселесі қарастырылған. Түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ дейді CNN.

Мұндай санкциялар жөнінде АҚШ президенті Джо Байден 7 желтоқсан күні кешке Владимир Путинмен сөйлескенде айтуы мүмкін деп хабарлайды Bloomberg.

Бұған дейін АҚШ пен Еуропаның бірқатар БАҚ-тары түрлі дереккөздерге сілтей отырып, 2022 жылдың басында Ресей Украина билігін ауыстыру немесе жерін тартып алу үшін Украинаға басып кіруі мүмкін деп хабарлаған. Барлау қызметінің осыған ұқсас мәліметтеррін Украина қорғаныс министрлігі де жариялаған.

Таяуда Орталық барлау басқармасының директоры Уильям Бернс АҚШ-тың барлау қызметі Ресейдің Украинаға басып кіретініне әзірге сенімді емес деп мәлімдеді. Алайда, Ресей қарулы күштері "күрт әрекетке көше алатынын" қаперде ұстау керек, - деді ол. Бернстің пікірінше, Мәскеу саясатына жауап бергенде дипломатиямен тежеуді үйлестіре білген жөн.

Мәскеу мұндай пікірлерді жоққа шығарады, өз жерінде әскерін қай жерге шоғырландыратынын өзі білетінін айтады. Кремль Батыс басылымдарының материалдарын "Украина төңірегіндегі жағдайды ушықтырып, жауапкершілікті Ресейге жүктей салу үшін жасалып отырған арнаулы операция" деп атады.