Қытай зауытының жұмысын тоқтатуды талап еткен тұрғындар шағымы бойынша сот басталды

"Гежуба Шиелі цемент зауытынан" ауаға тарап жатқан түтін. Қызылорда облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотында Қытай мен Қазақстан бірігіп ашқан цемент зауытының жұмысын тоқтатуды талап еткен тұрғындар шағымы бойынша сот отырысы басталды. Алғашқы отырыс 9 желтоқсанда өткен. Бұл жөнінде Азаттық тілшісіне жергілікті белсенді Алмас Дүйсенбаев хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ауаны ластады". Қытаймен бірлесіп ашқан өндірістің түсініксіз құпиялары

Бірінші санаттағы қауіпті нысанға жататын "Гежуба Шиелі цемент зауыты" маңында тұратын халықтың кәсіпорынмен соттасып жатқанына екі жылдың жүзі болған. Зауыттан шығатын шаң-тозаң мен жағымсыз иістен әбден мезі болған тұрғындар кәсіпорынды жабуды немесе басқа жаққа көшіруді, өздеріне материалдық-моральдық өтемақы төлеуді талап етеді. Ал тұрғындар шағымымен келіспей отырған кәсіпорын өндіріс орнынан зиянды зат шықпайтынын, барлық экология талаптары сақталатынын айтып отыр.

Алмас Дүйсенбаевтың айтуынша, 9 желтоқсанда өткен сот отырысында тараптар келісімге келе алмаған.

– Заң бойынша қауіпті кәсіпорын мен елді мекен арасы кемінде мың метр болуы тиіс. Яғни, санитарлық-қорғау аймағы болуы керек. Ал кәсіпорын бірінші санаттағы қауіпті нысанды екінші санатқа ауыстырып, елді мекенмен арасын 500 метр қыламыз деп отыр. Бұл мүмкін емес, себебі бұған дейін барлық мемлекеттік органдар оны жасаудан бас тартқан. Олар үш жыл бойы ауаны зерттедік дейді, сонда мұнда тұрып жатқан елді мекен тұрғындары "сынақ жасалып жатқан қояндар ма?" Біз енді құжаттармен танысамыз, – деді кәсіпорын маңындағы елді мекенде тұратын белсенді Алмас Дүйсенбаев.

Бұған дейін тұрғындар ауыл экологиясы нашарлағандықтан ауру-сырқау көбейгенін, кейбірі соның салдарынан басқа жаққа көшуге мәжбүр болғанын айтқан. Кейбір экологтар зауытқа байланысты қоғамға ашық болуы тиіс ақпараттардың негізсіз "жасырылғанын", мемлекеттік органдарды сотқа беріп жатып та ол ақпараттарға қол жеткізе алмағанын хабарлаған.

Ал "Гежуба Шиелі цемент зауытының" заңгері Ғабит Құлмахан өндіріс орнынан шыққан қалдық "қалыпты мөлшерден аспайтынын", оған дәлелдер бар екенін де айтады. Оның сөзіне қарағанда бірнеше жыл бұрын кәсіпорын санитарлық қорғау аймағын 500 метрге қысқартуды сұраған кезде жергілікті СЭС мамандары бірнеше жыл ауаны зерттеуді ұсынған.

– Зауытты іске қоспай ауаға әсерін қалай өлшейміз. Сол себепті екі жыл бойы күн сайын ауаның құрамына зерттеу жүргізілді. Оны арнайы зертханалар жасады. 2019 жылы қарашада бастасақ, 2021 жылдың қарашасында аяқтадық. 6 желтоқсанда СЭС-тің мақұлдауын алдық. СЭС "иә, адамға зияны жоқ екені анықталды" деп санитарлық қорғау аймағын 500 метр жерге бекітті. Ал енді олардың (тұрғындардың) "ауру шықты, жара шықты" дегендері еш дәлелсіз, – деді Ғабит Құлмахан.

"Гежуба Шиелі цемент зауыты" – Қазақстанның индустриализация бағдарламасы аясында Қытаймен бірлесіп қолға алған 55 жобаның бірі. Жоба құны 177 млн доллар деп хабарланған.

Бұл іс бойынша келесі сот отырысы 28 желтоқсанға белгіленді.