Тоқаев салтанатты жиында Назарбаевтың "ерен еңбегі мен көзсіз ерлігі" туралы айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" жиыны кезінде. Сәуір айы, 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "ерен еңбегі мен көзсіз ерлігін" атап өтіп, мадақтады. Оның сөзінен үзіндіні Ақорда сайтының Twitter'дегі парақшасы келтірді.

Түрлі тарихи кезеңдерді қысқаша шолып шыққан Тоқаев өткен ғасырдың 90-жылдағы мезгілді меңзеп "жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру оңай шаруа емес, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай дара тұлға тарих төріне шықты. Анығын айтқанда, Тәуелсіздік шежіресі Елбасының қолымен жазылды" деді.

– Бүгінгі мерейлі мемлекетіміз – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі, көзсіз ерлігінің жеңісі! Ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде әлем тарихынан мәңгі орын алады. Тұңғыш президентіміз жаһан жұртының алдында ұлт мүддесін қорғай білген көреген саясаткер, – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанның "жетістікке жетуі бәзбіреулерге өзінен-өзі болуы тиіс құбылыс сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ 30 жыл бұрын Қазақстанда жағдай өте күрделі болған". Ол сол кездегі күрделі экономикалық-әлеуметтік жағдайға тоқталып, "Елбасының стратегиялық идеялары мен табанды саяси жігері аталған жағымсыз факторлардың бәрін жеңіп, Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді" деді.

Тоқаев Қазақстанның 30 жыл бойғы "әр салада жеткен жетістіктерін" санамалап өтіп, "азаматтардың атынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру ісінде ерен еңбегі үшін шын жүрегіммен алғыс айтқым келеді" деді.

Назарбаевты "Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға" деп атағандар бұған дейін де болған. 2014 жылы жазда жастар форумы қатысушыларымен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрын мемлекет болмаған жерде жаңа мемлекет құрып, таңғажайып дүние жасағанын айтқан. Путиннің "Қазақтарда мемлекет болмаған, мемлекетті Нұрсұлтан Назарбаев құрды" деген сөзі көп талас туғызды. Біреулер сол кезде Ресей Қазақстанның солтүстігіне көз тігуі мүмкін деп қауіптенсе, тағы бір топ Қазақ хандығының 550 жылдық тарихы барын алға тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Путин көрші елдер тарихын неге жоққа шығарады?

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы маусымда Қазақстан президенті болып сайланған. Оның кандидатурасын Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы арқылы ұсынған. Назарбаев президенттіктен кеткенімен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде саяси биліктегі ықпалын сақтап қалған. Көптеген сарапшылар "Назарбаев саясатын жалғастырушы" деп санайтын президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевты түрлі кездесулер мен форумдарда жиі мақтайды.