"Талибан" БҰҰ-ны өзі тағайындаған уәкілінің өкілетін мойындауға шақырды

Мұхаммад Сухаил Шахин.

Халықаралық қауымдастық мойындамаған "Талибан" үкіметі Біріккен Ұлттар ұйымын Мұхаммад Сухаил Шахинді Ауғанстанның БҰҰ-дағы уәкілі ретінде тануға үндеді. Сухаил Шахин 17 желтоқсанда Твиттер желісінде халықаралық ұйымда Ауғанстан атынан жаңа үкімет тағайындаған адам сөйлеуі тиіс деп жазды.

"БҰҰ – дүниежүзілік ұйым және ол бейтарап болуы тиіс. Бейтараптығын дәлелдеп, Ауғанстанның БҰҰ-дағы уәкілі қызметіне қазіргі ауған үкіметі тағайындаған кандидатты отырғызуы тиіс" деп жазды Шахин Твиттерде.

Биыл желтоқсан басында БҰҰ Бас ассамблеясы ауған уәкілін мойындау мәселесі бойынша шешім қабылдауды кейінге шегерген. Тамыз айында "Талибан" радикалды қозғалысы ауған билігін басып алғалы бері қозғалыс пен бұрынғы үкімет мүшелері Ауғанстанның БҰҰ және өзге халықаралық ұйымдарындағы қызметтерге "таласып" келеді.

Ауғанстанның БҰҰ-дағы миссиясы бір күн бұрын мәлімдеме жариялап, Насир Ахмад Файхтың уәкіл міндетін уақытша атқаратынын хабарлаған. Фаих бұған дейін Ауғанстанның БҰҰ-дағы уәкілі Гулям Исакзайдың орынбасары міндетін атқарған. Исакзай 15 желтоқсанда қызметінен бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Талибан" БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйлеуге өтініш білдірді