Ақтөбеде мұнайшылар мінген автобус жүк көлігіне соғылып, екі адам қаза болды

Ақтөбе облысы Темір ауданына апаратын жол. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы Темір қаласының маңында мұнайшылар мінген автобус жол апатына ұшырап, кемінде екі адам қаза болды. Үш адам жарақаттанды. Бұл жөнінде "Диапазон" басылымы хабарлады.

Ақтөбе облысының полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 17 желтоқсанда кешкі сағат 6.45 шамасында болған. ПАЗ маркалы автобус жүргізушісі вахталық әдіспен істейтін мұнай компаниясының 12 жұмысшысын отырғызып, Жарқамыс ауылынан Ақтөбе қаласына қарай жылжыған.

"Трассаның 13-шақырымында жүргізуші жолдың шетінде тұрған тіркемесі бар КамАЗ көлігін көрмей қалса керек, автобус соған соғылған. Жол апатының салдарынан екі жолаушы сол жерде қаза болды, түрлі дәрежеде жарақаттанған үш адам Қандыағаш қаласының орталық ауруханасына жеткізілді" делінген полиция хабарламасында.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда былтыр 13 515 жол апаты тіркеліп, 1997 адам қайтыс болған. Алдыңғы жылы көлік апатынан көз жұмғандар саны 2405 болған.