Өзбек ССР-інің бұрынғы бірінші хатшысы Шараф Рашидовтың қызы АҚШ-та қайтыс болды

Шараф Рашидов мүсіні

АҚШ-та Өзбек ССР-і компартиясы орталық комитетінің бірінші Шараф Рашидовтың қызы Светлана Рашидова жетпіс жасында қайтыс болған. Бұл жөнінде Светлана Рашидованың қызы Tashkent Retrospective Facebook-қауымдастығына жазған.

1952 жылы 1 наурызда дүниеге келген Светлана Рашидова Ташкент мемлекеттік университетінің роман-герман факультетін бітіріп, шетел әдебиеті бойынша ғылыми диссертация қорғаған.​

Күйеуі Әлішер Вахидов 1994 жылдан 2008 жылға дейін Өзбекстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарған, күйеуімен бірге АҚШ-қа, Нью-Йоркке кеткен. ​БҰҰ жанындағы дипломаттар отбасыларымен жұмыс істейтін Нospitality Committee for UN Delegations ұйымының вице-президенті болып қызмет еткен.

Светлана Рашидованың неден қайтыс болғаны жайлы толық ақпарат әзірге жоқ. Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, Светлана Рашидова Өзбекстанға жерленеді.

Шараф Рашидов 1950-1929 жылдары Өзбек ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы, 1959-1983 жылдары Өзбек ССР компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Бұл жылдары Қазақстанды Дінмұхамед Қонаев басқарып тұрды.

1982 жылы Брежнев қайтыс болған соң СССР компартиясы орталық комитетінің бас хатшысы болған Андроповтың күш салуымен Өзбекстандағы мақта өндірісіне байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Көп ұзамай, 1983 жылы 31 қазанда Рашидов жүрегі тоқтап қайтыс болған. Денесін бастапқыда Ташкент орталығына жерлегенімен, кейін Мәскеудің рұқсат бермеуіне байланысты, қайта қазып алып, басқа зиратқа жерленген. Атақты "Мақта ісі" бойынша ӨзбекССР-інің билігінде жүрген, Рашидовтың айналасында болғандардың бәрі сотталған.