Ішінде жапонның екі турисі мен Ресей ғарышкері бар ғарыш аппараты 20 желтоқсанда таңертең қазақ жеріне қонды. Бұл ақпаратты Ресейдің "Роскосмос" корпорациясы жариялады.
Үш сағат бұрын Халықаралық ғарыш станциясынан бөлініп шыққан "Союз МС-20" ғарыш кемесінің аппараты Жезқазған қаласынан 148 км қашыққа, қаланың оңтүстік-шығыс жағына қонған. Жерге Роскосмос ғарышкері Александр Мисуркин мен Жапония туристері Юсаку Маэдзава және Йозо Хирано оралған.
"Жерге оралу операциясы жоспар бойынша жүрді, экипаждың көңіл күйі жақсы" деп хабарлайды Роскосмос. Корпорация хабарына қарағанда, ауа райының қолайсыздығына байланысты экипаж тікұшақпен емес, эвакуацияға арналған мәшинелермен әкетіледі.
Аталған экипаж Халықаралық ғарыш станциясында 12 күн болған. Маэдзава — Жапониядағы бай адамдардың бірі. Киім сататын Zozotown онлайн-дүкенінің және Contemporary Art Foundation қазіргі заманғы өнер қорының негізін салушы ретінде мәлім. Ал тағы бір турист Хирано Маэдзаваның қалай ұшып барып қайтқанын жариялау мәселесіне жауапты болған.