Министрлік Бозжыра шатқалынан бес шақырым жерде құрылысқа дайындық жүріп жатқанын айтты

Билік маңайынан қонақүй салуды жоспарлап отырған Бозжыра шатқалы.

Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үй салынып жатқан жоқ, бірақ дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 21 желтоқсан күнгі брифинг кезінде Экология министрлігінің өкілдері Азаттық тілшісінің сұрағына осылай деп жауап берді. 

— Дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ олар [шатқал] аумағында емес, шатқалдан бес шақырым жерде [нысан] салынбақ. Қазір жоба-сметалық құжатнамасы жасалып жатыр, онсыз құрылыс басталмайды, – деді Экология министрлігіне қарасты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаев.

Қазақстанда былтырдан бері Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жоспары қоғамда дау туғызып келе жатыр. Билік жоба аймақ инфрақұрылымын дамытуға пайдалы десе, экологтар оның қоршаған ортаға зиянын алға тартады. 

Сейсенбі күні экология министрі Серікқали Брекешев "қазіргі заман талаптарына сай салынатын қонақ үйден қауіптенудің қажеті жоғын" айтты.

— Бұл қонақүй республика тұрғындарына, Маңғыстау облысы мен қонақтарына арналып салынады. Қонақүйдің салынуы керісінше көп жағынан пайдалы: туризмді дамытып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сол себепті жеке пікірім – қонақүй қажет және республикада туризмді дамытуға мүмкіндік береді, – деді министр. 

Оның айтуынша, қазір жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау және экологиялық сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шатқал мен қонақүй арасындағы қашықтық мәселесі де шешіледі. 

Экологтар бұған дейін қонақүй салынған жағдайда қалдық су мен қоқыстарды утилизациялау туралы дерек жоғына да алаңдаған. Сейсенбілік брифинг кезінде Экология министрлігі өкілдеріне "қонақүй құрылысын шатқал аумағынан әрі қарай ысыру жоспарда бар ма?" деген сұрақ қойылды, бірақ жауап берілген жоқ. 

Ақпаратқа қарағанда, бұл қонақүйді Ақтаудағы Rixos Water World отелін салған компания салуы тиіс. Rixos отельдер холдингінің иесі – түрік бизнесмені Феттах Таминже. Ол – түркиялық ықпалды кәсіпкерлердің бірі.

Осыған дейін экологтар Бозжыра шатқалын сақтап қалу үшін оны ЮНЕСКО мұраларының тізіміне және Үстірт қорығының құрамына кіргізу қажеттігін айтқан. Экология министрлігі жыл басында "Бозжыраны қорық аумағына кіргізу жоспарда жоқ" деп мәлімдеген. 

Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысы Қарақия аудандында орналасқан. Ол аймақ орталығы — Ақтау қаласынан 300 км шалғайда жатыр.

Үстірт жазығының бұл бөлігінде әктас шөгінділерінен тұратын айрықша ландшафт қалыптасқан, мұнда биіктігі 250 метрге дейін жететін тас қиялар бар. Экологтар антропогендік әрекеттер табиғаттың бұл ерекше ескерткішіне зиянын тигізеді деп санайды және бұл ауданда қандай да бір құрылыс салуға болмайды дейді.​