Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында "әріптесін зорлады" деп күдікке ілінен патрульдік полиция батальонының инспекторы қызметінен қуылды. Бұл жөнінде полиция ақпаратына сүйенген ҚазТАГ агенттігі жазды.
Ақпаратқа қарағанда, полицей 30 қарашада "қоғам сынына ұшырауына байланысты" қызметінен қуылған. Оның алдында бір күн бұрын прокуратура жәбірленушінің арызын тіркеген. Бірақ оқиға тек 22 желтоқсанда белгілі болған.
Полицейдің үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бірақ полиция хабарламасында оның ұсталғаны-ұсталмағаны, қандай бап бойынша айып тағылғаны көрсетілмеген.
"Медиазона" сайты журналист Михаил Козачковтың телеграм-арнасына сүйене отырып, оқиғаның кейбір детальдарын жазады. Сайт мәліметінше, оқиға 25 қарашада кешке болған. Жәбірленуші "өзін зорлаған" 36 жастағы полицияның аға лейтенанты үстінен шағым түсіргісі келген, алайда басшылық олай істемеуге көндіруге тырысқан деп айтылады. Бірнеше күннен кейін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
ҚазТАГ-тың жазуынша, 28 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық уақытша қамау изоляторының бастығы Руслан Ақсартов қарамағындағы қызметкерлердің бірін "зорлады" деген күдікке ілінген. Артынша бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қазақстан полициясында реформа бола ма?"Халық полициядан қорған емес, қауіп көреді". Қазақстанда полиция қызметін реформалау неге баяу жүріп жатыр?"Кері кету". Foreign Policy Centre Қазақстандағы адам құқықтары ахуалына баға берді