Биыл қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлығы үшін 9 шенеуніктің үшеуі ғана қызметінен кеткен

Жемқорлықты тоқтатуға бағытталған жарнама. Көрнекі сурет.

Биыл қарамағындағы қызметкерлердің "жемқорлығы үшін" 9 шенеуніктің үшеуі ғана қызметінен кеткен. Бұл жөнінде дүйсенбі күнгі брифинг кезінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Ерлан Сапаров мәлімдеді. Бұл жөнінде Vlast сайты жазды.

Қазақстанда "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс.

Ерлан Сапаровтың айтуынша, аталған ереже 2019 жылдың 10 желтоқсанында күшіне енген. Содан бері елде 264 мемлекеттік қызметкер жазаға тартылған.

Биыл 9 айда қарамағындағы қызметкердің жемқорлығы үшін 9 шенеунік отставкаға кету туралы өтініш жазған. Үшеуінікі қабылданып, қалғандардың өтініші кері қайтарылған. Сол қалған алты жағдайдың бесеуінде мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылған.

"Отставканы қабылдау немесе кері қайтару тәртібі бар. Саяси қызметкерді немесе қарамағындағы жұмысшыларды жемқорлығы үшін жауапқа тартуды қарастыратын заңға сәйкес, отставка жайлы өтініш бағытталатын уәкілетті тұлға шешімді қабылдайды. Егер ол отставканы кері қайтарса, оның қарамағындағы азаматтарды тәртіптік жазаға тартуына құқығы бар" деді Ерлан Сапаров.

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, биыл қаңтар мен қараша айы аралығында Қазақстанда облыс деңгейіндегі 159 басшы "жемқорлық қылмысы үшін" жауапқа тартылған.
  • Қазақстанда жемқорлық бойынша шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлер жиі сотталады, алайда көп жағдайда олар амнистиямен босатылады немесе мерзімінен ерте бостандыққа шығады. Сыншылар биліктің жемқорлықпен күрес шараларын тиімсіз санайды.
  • Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Сыдықов жемқорлықпен сотталған кезде әкімнің орынбасары Бақтияр Мәкен отставкаға кетуге өтініш жазған. Бірақ қала әкімі Алтай Көлгінов орынбасары Мәкеннің өтінішін қабылдамай, оған қатаң сөгіс жариялаумен шектелген. Әкімнің орынбасары Азаттыққа берген сұхбатында заңға сай қызметінде қалғанын айтқан еді. Кейбір сарапшылар мұны "көзбояу" деп атаған болатын.
  • Transparency International халықаралық ұйымының биыл қаңтарда жарияланған жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 94-орын алған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қызметкері парамен ұсталған басшының отставкаға арыз жазып, орнында қалуы "көзбояу" ма?