Қырғыз экономика министрі касса аппараттарына қарсы саудагерлермен кездесті

Қырғызстан экономика министрі Данияр Амангелдиев саудагерлерлің сұрақтарына жауап беріп жатыр. 27 желтоқсан 2021 жыл.

Қырғызстанда жемқорлықты тыйып, экономикадағы заңсыз табысты азайту үшін касса аппараттары орнатылады.

27 желтоқсанда Экономика және сауда министрі Данияр Амангелдиев Бішкектегі Үкімет үйі алдына жиналған жүз шақты саудагерге осылай деді. Наразылық акциясын өткізушілер жақында қабылданған Салық кодексінің күшін жойып, оны Жогорку кеңештің жаңа құрамының қарауына жолдауды талап еткен.

"Халық жемқорлықты жоюды, ақша айналымының ашықтығын, әділетті талап етіп отыр. Касса аппараттарын сол үшін енгіземіз. Оны орнатқан соң салық қызметіндегілер базарларға баруын қояды, пара алу тоқтайды. Салықты бір жерден ғана төлеуге мүмкіндік ашылады", - деп түсіндірді шенеунік.

Министр Салық кодексіндегі жаңа ережелерді дұрыс түсіндіру керектігін айтып, саудагерлерге ұнамаған кейбір тұстарын қайта қарауға уәде берді.

Мұның алдында "Дордой", "Таатан" және "Дордой-Моторс" базарларындағы саудагерлер митинг өткізген болатын. "Жаңа Салық кодексіне сәйкес, тексеруші айына бір мәрте келе алады екен, мұның өзі жемқорлыққа жол ашады" деп шағымданған еді саудагерлер.

Қырғызстанда жаңа Салық кодексі 2022 жылы күшіне енеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қырғыздың "Дордой" базарындағы саудагерлер касса аппаратын орнатуға қарсы шықты