Түркістан қалалық соты жыл басында газдан уланып қайтыс болған төрт бала мен ананың өліміне байланысты айыпталғандарға үкім оқыды. Бұл жөнінде қалалық соттың баспасөз қызметіне сүйенген Informburo сайты жазды.
Биыл 26 ақпанда кешке Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде табиғи газдан иіс тиген бес адам өлі табылған. Олардың төртеуі – кәмелетке толмаған бала.
Іс материалдарына қарағанда, марқұм әйел жұмысшыларды жалдап, үйіне газ тартқан. Кәсіпорын басшысы жұмысшылардың газ құбырын монтаждау ісінде тәжірибесі жоғын біле тұра және жәбірленушінің өкілетті органмен техникалық келісімі жоғына қарамастан қызмет құнын келісіп, жұмысқа кірісуге тапсырма берген.
Ақпаратқа қарағанда, кәсіпорын басшысы үйде сертификатталған пеш орнататынын айтып, сенімхаты болмаса да жәбірленуші атынан уәкілетті ұйымға құжат тапсырған. Соның негізінде үйге келісім-шарт берілген. Жоба эскизі мен техникалық шарттардың қолдан жасалғаны айтылады.
Бұған дейін кәсіпорын директоры мен "оған құжат жасауға көмектескен" адамның үстінен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсету (306-бап, 3-бөлім) және "жалған құжат жасау" (385-бап) баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сот айыпталушылардың кәмелетке толмаған балалары барын және материалдық-моральдық шығын көлемін толтырғанын ескеріп, әрқайсысына төрт жыл түрме жазасын берген. Сот үкімі күшіне енбеген.
Биыл ақпанда болған қайғылы оқиғадан 2004, 2006, 2013 және 2016 жылы дүниеге келген балалар мен жанында болған анасы (1980 жылы туған) қайтыс болған. Иіс тиіп қалған бесеуін көршілері көріп, құзырлы орындарға хабар берген.
Отбасы тұрып жатқан жеке тұрғын үй орталықтан келетін газ құбырына қосылған. Балалардың әкесі Шымкент қаласында емделіп жатқан.
Қазақстанда осыған ұқсас қайғылы оқиғалар жиі болады. Қараша айында Түркістан облысы Келес ауданы Ұшқын ауылында 4 адам газдан уланып қайтыс болған.