Вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған үкімет комиссиясы Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы – Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңында наразылыққа шыққан жұртпен кездесті.
Тоғжанов тұрғындарға сұйытылған газдың бір литрі 50 теңге болғанын хабарлады. Алайда үкімет хабарламасының мәтініне қарасақ, газ бағасы тек Маңғыстау облысында ғана арзандайды және ол "әлеуметтік жауапкершілік" аясында "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының есебінен жүргізіледі.
Тоғжанов үкіметтің атынан "алаңда тұрған адамдары жауапқа тартпауға кепілдік берген".
Ақтаудағы наразы топ өкілдері Азаттық тілшісіне митингіні тоқтатпайтынын айтқан. Олардың айтуынша, газ бағасын төмендету – наразы топ талабының біреуі ғана болған.
Ақтауда наразылық өткізіп жатқандардың бірі Есберді Асауов Азаттық тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында алаңға жиналған 10 мыңдай адам жұмыс беруді, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап етіп тұрғанын айтты. Арасында Нұр-Сұлтандағы билікті ауыстыруды талап етіп жатқандар да бар. Кейбіреулері "саяси тұтқындарды", соның ішінде Ержан Елшібаевты босатуға шақырған.
Бұған қоса, наразы топ алаңнан полицияның арнайы жасағын алып кетуді талап еткен, олай етпеген жағдайда әкімдік ғимаратына басып кіреміз деп ескерткен.