Ақтауда "Ынтымақ" алаңына жиналған халық 5 қаңтарда да тарқамады. Азаттық тілшісінің есебінше, сәрсенбі күні күндіз алаңда шамамен 5-6 мың адам болған. Алаңға бірнеше киіз үй тігілген.
Наразылар сәрсенбі таңертең үкіметтің отставкаға кеткенін естіген. Алайда олар "шенеуніктердің орны ғана ауысады, сондықтан ештеңе өзгермейді" деп мәлімдеп, үкіметтің бұрынғы құрамы тұтас биліктен кетуі тиіс деген талап айтқан. Олар сонымен бірге парламент те кетуі тиіс деген.
Азаттық тілшісі сөйлескен наразылар Алматы және өзге өңірлерде болып жатқан қудалаудан хабардар екенін айтып, "полиция халыққа күш қолданбасын, арнайы жасақты алып кетсін" деп мәлімдеді.
Жаңаөзенде де халық тарқамаған. Олар билікке үш талап айтып отыр: тәуелсіз кандидаттардың сайлауға түсуіне мүмкіндік беретіндей "Сайлау туралы" заңды өзгерту, президент өкілетін шектеп, парламент құзыретін кеңейтетін 1993 жылғы Конституцияға оралу және Үкімет құрамының толық биліктен кетуі.
2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылды.
Бастапқыда наразылар Батыс өңірі тұрғындарының басым бөлігі көлігіне пайдаланатын сұйытылған газ бағасын арзандатуды талап еткен. Жаңа жылдан бастап отынның аталған түрі екі есеге қымбаттаған.
Наразылықтың үшінші күні билік газды 50 теңгеге дейін төмендетуге келісті, алайда наразылар саяси талаптар айта бастады. Олар президенттіктен кетсе де, саяси ықпалын сақталған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен "толық кетуін", саяси тұтқындарды босатуды, қымбатшылық пен жемқорлықты жоюды талап етті.