271 әкімшілік, 77 қылмыстық іс. Шымкентте қаңтардағы оқиғаға байланысты қозғалған істер көбейді

Қала орталығына жиналған халық. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

Шымкентте төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб 14 қаңтар күні қаңтардағы оқиғаға байланысты 271 адам – әкімшілік іс, 77 адам қылмыстық іспен қамауға алынғанын хабарлады.

Штаб дерегінше, әкімшілік жауапқа тартылғандардың саны 300 адамға жуықтаған. 77-сі адам "бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін" бұзған. 38 адамға айыппұл салынып, 89 адамға ескерту берілген. Барлығы қазір қамауда. Ал қылмыстық іс қозғалған 77 адамның 75-і екі айға қамалған.

10 қаңтар күні қалалық полиция департаменті 177 адамға әкімшілік іс қозғалып, олардың 175-і 15 күнге, 52 адамның үстінен түрлі қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамалғанын хабарлаған еді. Төрт күн ішінде олардың қатары ондаған іспен толықты.

Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов жұма күнгі штаб отырысы кезінде оқиға кезінде 50 полиция қызметкері түрлі дене жарақатын алғанын, екеуіне оқ тигенін, жағдайы ауыр екенін айтты.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жағдай тұрақталғанын мәлімдеді.

Шымкентте ұсталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. "Бұзақылық" (293-бап) және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) баптары бойынша күдікке ілінген бірнеше белсендінің екі айға қамалғанын бұған дейін Азаттық жазған.

10 қаңтарда қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бақытжан Пазылов наразылықтар кезінде полицейлерді қосқанда 120-дан аса адамның түрлі жарақатпен ауруханаға түскенін, олардың бесеуінің жағдайы ауыр екенін хабарлаған. Қайтыс болған адамдар бар екені ресми хабарланғанымен, олардың қанша екені айтылмады.

Бұған дейін Азаттық тілшісі Түркістан облысының кемінде 9 тұрғынының Шымкенттегі наразылық пен тәртіпсіздік кезінде қаза болғанын анықтаған.

2 қаңтарда Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтар мен "тәртіпсіздіктерден кейін" билік бүкіл ел бойынша он мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлаған. Бірақ әлі күнге дейін қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Бастапқыда билік 164 адам опат болғанын айтқанмен кейінірек мәліметті жоққа шығарды. Құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды қаза болғандар туралы ақпаратты жариялауға үндеген.

Шымкент қаласында наразылық 4 қаңтарда басталып, 5 қаңтар күні қала әкімдігі алдында жалғасқан. Қалада ғимараттар, көліктер өртенді. Қалың топ пен полиция арасында қақтығыс болған. 5 қаңтарда қалада төтенше жағдай жарияланды. Интернет өшірілді. Қалада интернет осы апта басында ғана толық қалпына келді.

14 қаңтар күні Шымкент және Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облысында төтенше жағдай режимі кешкі алтыдан бастап тоқтатылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Шымкенттегі наразылық және түнгі ойран. Азаттық тілшісінің көргені"Оқ ішіне тиген". Шымкенттегі наразылыққа барған жігіттің қалай қаза тапқаны белгісізТоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Елдегі 7 қаңтардағы ахуалҚаңтардағы оқиғадан кейін Шымкентте бірнеше белсенді екі айға қамалдыШымкенттегі әкімшілік жауапқа тартылған азаматтарды туыстары іздеп жүр