Шымкентте Украинаны қолдауға шыққан белсендіні полиция ұстап әкетті

Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

6 наурыз күні Шымкент қаласы әкімдігінің алдына Украинаны қолдайтынын айтып келген белсенді Ермек Қонышбаевты полиция ұстап әкетті. Белсендіні не себепті ұстағаны жөнінде полициядан түсініктеме алу мүмкін болмады.

Жексенбі күні күндіз Алматыда бірнеше мың адам қатысқан Украинаны қолдау митингісі өтіп жатқан кезде Ермек Қонышбаев Шымкент әкімдігі алдындағы алаңға Ресейдің Украинаға басқыншық әрекетіне қарсылық білдіру үшін барған. Шамамен жарты сағаттан соң оны полиция күшпен ұстаған. Ол бұл жөнінде Facebook парақшасында тікелей эфирде хабарлап үлгерді.

Полициядан белсендіні не себепті ұстағаны жөнінде ақпарат алу мүмкін болмады.

Бұдан бөлек 6 наурызда Шымкентте белсенді Оралбай Біләловтің үйін полиция күзетіп тұрғаны хабарланды. Біләлов үйін күзеткен полицейлерге “соғысқа қарсылығын айту үшін шығатыны” айтқан. Бірақ полиция оны үйінен шығармаған.

Жексенбі күні белсенділер түсте қала әкімдігіне барып, Украинаны қолдайтынын айтпақ болған. Бірақ қалада қандай да бір митингінің болғаны жөнінде ақпарат жоқ. Әкімдік маңында полиция күзеті күшейді.

Алматыда "Сарыарқа" кинотеатрының алдында өткен Украинаны қолдау митингісіне бірнеше мың адам жиналды. Митингіде сөйлегендер Украинаға басып кірген Ресейдің агрессиясын айыптап, Қазақстан Ресей құрған одақ, ұйымдардың барлығынан шығуы тиіс деді.

Ресей президенті Владимир Путин 24 ақпанда Украинаға әскерін кіргізіп, түрлі нысандарды атқылай бастаған. Содан бері мыңдаған адам опат болды, 1,2 млн адам өзге елдерге босып кетті. Қаза болғандар арасында бейбіт тұрғындар бар.

Батыс елдері Кремльдің әрекетін қатаң айыптап, санкция салды. Украинадағы әскери қылмыс бойынша халықаралық дәрежеде зерттеу басталды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?