Арахамия: Ресей Украинаның референдум өткізгеніне қарсы емес

Владимир Мединский мен Давид Арахамия Стамбулдағы келіссөзде отыр.

Ресей келіссөз кезінде нейтралитет жөнінде Украинаның референдум өткізу туралы ұсынысына қарсы болмайтынын білдірген. Қырымнан өзге мәлелелер бойынша да қарсылық болмаған. Бұл жөнінде Ресеймен келіссөз жөніндегі Украина делегациясының жетекшісі Давид Арахамия ұлттық телеарна эфирінде айтты.

Оның сөзінше, Ресей бұл ұстанымын жұма күнгі он-лайн келіссөзде білдірген. Бірақ әзірге ресми жазбаша жауап емес, ауызша келісім ғана. Арахамия бейбіт келісім жобасы қазірдің өзінде екі елдің президенті жеке кездесіп, талқылауына дайын боп қалды деп санайды. Мұндай кездесу Түркияда өтуі мүмкін, әзірге нақты күні белгісіз.

Арахамияның айтуынша, референдумда бейтарап статус қолдау таппаса, яғни украиндар НАТО-ға кіруді таңдаса, келіссөз қайта жалғасуы, я болмаса соғыс қайта басталуы мүмкін.

Украина өкілінің сөзі жөнінде Ресей әзірге ештеңе айтқан жоқ. Таяуда Стамбулда өткен келіссөзде Украина делегациясы ұсынған келісімде, егер қауіпсіздік кепілі берілетін болса, Украинаның бейтарап статусқа және өзге елдермен әскери ынтымақтастықты шектеуге дайын екені айтылған. Алайда ол үшін референдум өтуге тиіс, ал референдум Ресей әскері Украинадан шыққан соң ғана өткізіледі. Аннексияланған Қырым статусын анықтауды 15 жылға шегере тұру, осы уақытта келіссөз жүргізу туралы ұсыныстар бар.

Ұсыныста "денацификации және демилитаризация" туралы және Донбасс статусы сөз болмаған. Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіргендегі мақсат - аталған мәселелерді шешу деген еді.

Пуиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жексенбіде Ресей телеарнасының эфирінде "арнайы операциядан кейін Украина нацистік идеяларға тыйым салады, орыс тілі бұрынғы дәрежесіне қайта оралады" деп Мәскеу үміттенетінін білдірді. Ал келіссөзде бұл жөнінде сөз болмаған.

Келіссөз қашан жалғасары белгісіз. Келіссөздің кейінгі раунынан соң Ресей әскері Киев облысынан шегініп кеткен.