Пәкістан "Талибан" билігін "Ауғанстан жеріндегі содырларға" қарсы шара қолдануға шақырды

Ауғанстанмен шекарадағы аймақта тұрған пәкістандық сарбаздар. Көрнекі сурет.

Исламабад "Талибан" радикал қозғалысы басқаратын Ауғанстан үкіметін өз аумағындағы қарулы содырларға қатысты "батыл қимыл" танытуға шақырды. Пәкістан өзінің шекара аймағына содырлардың шабуылдар жасап, маза бермей жатқанын айтады.

17 сәуірде таратқан мәлімдемесінде Пәкістан сыртқы істер министрлігі елдің қауіпсіздік күштеріне Ауғанстан аумағынан жасалатын "террорлық" шабуыл жиілеп кеткені айтылған.

"Ауғанстан жеріндегі терроршылардың Пәкістанға қарсы жүгенсіз іс-әрекетін тағы да айыптаймыз" деп жазылған мәлімдемеде.

16 сәуірде "Талибан" қозғалысының (Қазақстанда террорлық ұйым ретінде тыйым салынған) ресми өкілдері Пәкістанның Кабулдағы елшісін шақырып алып, Ауғанстанның Хост және Кунар уәлаяттарына жасалған әуе шабуылына байланысты наразылық білдірген. Кабул ол шабуылды Пәкістаннан көреді.

Жергілікті ру басшылары мен куәгерлердің сөзінше, әуе шабуылдары салдарынан 30-дан астам адам – негізінен жай адамдар мерт болған.

Ауғанстан тарабының наразылығына байланысты ресми Исламабад әзірше түсініктеме берген жоқ.

17 сәуірде Хост уәлаятының ақпарат және мәдениет мәселелері жөніндегі директоры Шабир Ахмад Османи AFP агенттігіне берген сұхбатында, аймақта Пәкістан күштерінің әуе шабуылынан "арасында балалар мен әйелдер бар 41 бейбіт тұрғын қаза тауып, 22 адам жараланды" деп хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орталық Азия елдері шекара түбінде тәліп әскерінің күшейгеніне алаңдайдыӨзбекстан: Тәліптер Ауғанстанды "террористерден тазалап жатыр"Тәліптер билікке келуін келді, бірақ елді ұстап тұра ала ма?