Зеленский: Ресей әскері Донбасқа шабуылын бастады  

Харьков облысы Изюм қаласына беттеген Ресей әскери техникасы өтіп бара жатқанда көпірді украин күштері жарып жіберген. Украина қорғаныс министрлігі жариялаған сурет. 14 сәуір 2022 жыл.

Ресей күштері Донбаста шабуылды бастады деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский.

"Ресей әскері бірталай уақыт дайындалған соң Донбасқа шабуылын бастады. Ресей күштерінің едәуір бөлігі сонда шоғырланды. Қанша әскер жиналса да, біз қорғанамыз. Күресеміз" деді Зеленский Telegram-ында.

Ресей қарулы күштерінің Украинаның шығысында шабуылға шыққаны жайлы Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов те хабарлаған. Украин билігінің ақпаратынша, Ресей әскері Донецк пен Луганск облыстарын православтардың пасха мейрамына дейін басып алуды жоспарлап отыр. Биыл пасха 24 сәуірде тойланады.

Украина президенті әкімшілігінің жетекшісі Андрей Ермак "соғыстың екінші кезеңі" басталғанын" хабарлады.

Жергілікті тұрғындар мен журналистер Донбаста, Харьков пен Николаев қалаларында атыс болып жатқанын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс: 18-24 сәуір аралығында не болды?