21 сәуірде таңертең Павлодарда мектептен өрт шығып, жүздеген адам эвакуацияланды. Павлодар облыстық төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, № 28 мектептен өрт шыққаны туралы ақпарат төтенше жағдай қызметіне таңертеңгі сағат 8-де түскен.
Төтенше жағдай департаментінің Инстаграмда жариялаған видеосында ғимараттың шатырынан қою түтін будақтап шығып жатқаны көрінеді, оқиға орнында өрт сөндірушілер жүр. Суреттерге қарағанда, сынып бөлмелеріне де от тиген сияқты.
Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, оқушылар мен мектеп қызметкерлері құтқарушылар келгенге дейін сыртқа шығып үлгерген.
"Өрт сөндірушілер келгенге дейін 576 адам эвакуацияланды, 551-і – оқушы" деп жазылған төтенше жағдай департаментініің хабарламасында.
Оқиғаның жай-жапсары айтылмайды, зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.
Өткен аптада Павлодарда № 1 мектептен өрт шығып, үш бала шұғыл жағдайда ауруханаға жатқызылған еді, тағы екі оқушыға медициналық көмек қажет болған. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, біреулер мектепке от қойған.