Алматы облысының Текелі қаласында 15 мамыр, жексенбі күні жауыннан кейін топырақ жылжып, бес жасар қыз қаза болған.
Текелі әкімдігінің ақпаратына қарағанда, түс кезінде Қонаев көшесіндегі 350,348-ші үйлердің тұсында нөсер жауыннан кейін топырақ жылжып, сел жүрген. Үйде болған бес жасар қыз батпақ сел астында қалған.
"15 мамырда 18:15 сағатта үй астынан 2016 жылы туған бес жасар қыздың денесі табылды", — деп хабарлайды Алматы облысының төтенше жағдайлар қызметі.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда тау беткейінен сырғыған батпақ пен сел көрінеді. Жылжыған батпақ астында бірнеше үй қалған. Құтқарушылардың сөзінше, бір үй толығымен қираған.