Теміртауда бақылаушылар дауыс беру кезіндегі "заңсыздықтарға" назар аудармады

Қарағанды облысы Теміртау қаласында № 313 учаскесінде Азаттық тілшісі "екі заңсыздыққа" куә болды.

Бастапқыда бір кабинаға екі адам кірді. Алайда кабинадан шамамен екі-үш метр жерде отырған төрт бақылаушы оған назар аударған жоқ. Жақын арада жүрген комиссия мүшелері де мән бермеді.

Азаттық тілшісі бақылаушыларға "заңсыздыққа неге назар аудармадыңыздар?" деген сұрақ қойды. Бұдан соң "Аманат" партиясының бақылаушысы екі адам кірген кабинаға жүгіріп барып, олардан бір-бірден шығуын сұрады.

Шамамен он минут өткеннен кейін жағдай қайталанды. Тағы бір кабинаға екі адам кірді. Бұл жолы да бақылаушылар мен комиссия мүшелері назар аударған жоқ. Азаттық тілшісі мұны видеоға түсіріп, бақылаушылардан "заңсыздыққа назар аудармау" себебін сұрады. Бұл жолы да "Аманат" партиясынан келген бақылаушы кабинаға жүгіріп барып, екі адамның бір кабинада дауыс беруіне болмайтынын ескертті. Қалған үш бақылаушы орындарынан қозғалмады.

Осы оқиғадан кейін кабиналардың маңына комиссия төрайымы Юлия Иванец келіп, процесті өзі бақылай бастады.

Дауыс берген азаматтардың кейбірі бюллетендегі жазулардың тым ұсақтығына шағымданды. "Ұсынылып отырған түзетулерге жеке-жеке дауыс беру керек пе әлде бәріне бірден дауыс береміз бе" деп те сұрағандар болды.

Аталған учаскеге 2 392 адам тіркелген. Учаскеге адам көп келген жоқ. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, Қарағанды облысында дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 61 пайызы референдумға қатысқан.