Қырымның солтүстігінде тағы да жарылыс. Ресей "оқ-дәрінің бұл жолы да өздігінен тұтанғанын" айтты

Қырымдағы жарылыс

Ресей 2014 жылы аннексиялап алған Қырымның солтүстігіндегі Майское елдімекенінен 20 шақырым жерде жарылыс болып, өрт шыққан. Жарылыстың фотосуреттері мен видеосы телеграм-арналар мен жергілікті тұрғындардың әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.

РИА "Новости" дереккөзіне қарағанда, Джанкой ауданында жарылыстан кейін трансформатор подстанциясы жанып кеткен. "Крыминформ" мен ТАСС оқ-дәрі қоймасы да жарылғанын хабарлады. Мұны жергілікті әкімшілік те растап, Майское селосының тұрғындары көшіріліп жатқанын айтқан. Аннексияланған түбекке Ресей басшы етіп тағайындаған Сергей Аксёнов оқиға болған жерге барған.

  • 9 тамызда Ресей әскері пайдаланып отырған Саки аэродромында ірі жарылыс болған еді. Ресей бір адам өліп, 14 адам жараланғанын хабарлаған. Ондаған үй қираған.
  • Ресей қорғаныс министрлігі Саки аэродромында оқ-дәрі қоймасы өздігінен тұтанған деп мәлімдеген болатын.
  • Украина "бұл жарылысқа қатысымыз жоқ" деген ресми ақпарат таратқан.
  • Украинаның әскер айналасында жүрген бейресми дереккөздер Батыс БАҚ-тарына берген сұқбаттарында "Ресейдің оқ-дәрі қоймасын Украинаның өзі жасаған қарумен Украина арнаулы қызметі атты" деп мәлімдеген.