Тоқаев ІІ Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

Елизавета ІІ патшайым

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ІІ Елизавета патшайымның қазасына байланысты Ұлыбритания патшасы ІІІ Чарльздың атына көңіл айту хатын жолдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

"Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан ІІІ Чарльз патшаның, корольдік отбасы мен барлық британдықтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Тоқаев "елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын" атап өткен.

Бұған дейін әлемдік лидерлер ІІ Елизавета патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айтқан еді.

Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета 8 қыркүйекте Шотландиядағы Балморал сарайында 96 жасында қайтыс болды. Ол 1952 жылы 6 ақпанда таққа отырған еді. Елизавета – Ұлыбритания тарихында тақта ең ұзақ отырған монарх. Ол 70 жыл патшайым болды. Енді елдің жаңа патшасы оның үлкен ұлы 73 жастағы Чарльз (ІІІ Чарльз) болады. Оны 10 қыркүйекте патша деп жариялайды.

Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қызы Дариға Назарбаева ІІ Елизавета патшайымның қабылдауында. 4 қараша 2015 жыл.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев әзірге патшайымның қазасына байланысты көңіл айтқан жоқ. 2015 жылы Назарбаев қызы Дариға Назарбаевамен бірге Букингем сарайында ІІ Елизавета патшайымның қабылдауында болған еді. Осыдан соң британиялық басылымдар мен халықаралық құқық қорғаушылар ағылшын патшайымын автократ президентті қабылдағанын сынға алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ІІ Елизавета: Алаңсыз ханшайымнан тақта ең көп отырған монархқа дейінІІ Елизавета патшайымның бүкіл ғұмырын көрсетер 30 фото