Мәжіліс майнингті реттеуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

12 қазанда мәжіліс "ҚР Цифрлық активтер туралы" және оған сәйкес түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы авторларының айтуынша, құжат инвесторлар назарын шикізаттан цифрлық майнинг өнімдеріне аудартуға мүмкіндік береді. Майнинг өндірісін құқықтық шеңберге енгізіп, аталған сала бойынша салық салу және реттеу шарттарын бекітеді.

"Майнерлер Қазақстан экономикасының толыққанды қатысушыларына айналып келеді. Бұған дейін майнинг қызметін негізінен бұлтты қызметтерде резиденттер жүзеге асырып келді. Қазақстан блокчейн индустриясының шикізат беретін қосалқысы ретінде пайдаланылды. Заң жобалары арқылы біз майнерлерді Қазақстанда лицензия алуға, яғни заңды тұлғалар құруға және салық салудың толыққанды субъектілері болуға міндеттейміз" деді құжатты таныстырған депутт Екатерина Смышляева.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы цифрлық активтер өндірісі мен айналымы арасында байланыс орнатуға жағдай жасайды. Елде майнерлер мен майнинг-пул (биткоин өндіру бойынша тапсырмаларды үлестіретін сервер) қызметін цифрлық даму министрлігі реттеп, лицензия беріп отырады. Заң жобасы авторлары криптовалюта өндірісін "Астана" халықаралық қаржы орталығы аяясында жүзеге асырылатынын айтты.

"Қазақстанда криптовалюта төлем құралы емес, оның айналымына тыйым салынған. Аталған экожүйеде жаңа қаржы институты – қазақстандық криптобиржа дамып жатыр. 2024 жылдан бастап 75 пайызға дейінгі капиталын отандық криптобиржада алмастыру туралы майнерлерге міндетті талап қою арқылы оларды қолдаймыз" деді депутат.

Депутаттың сөзіне қарағанда, бейресми мәлімет бойынша халықаралық криптобиржаларда бір миллионнан астам қазақстандық криптовалюта саудасына қатысады. Кейбірі "заңсыз алмастыру пунктерін" де пайдаланып жатыр. Құжат авторлары олардың барлығын қазақстандық криптовалюта биржасына әкелсе, одан мемлекет те ұтатынын айтады.

Заң жобасы авторларының айтуынша, криптоиндустрияға салық салу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады: жабдықты әкелу кезіндегі құн салығы, лицензия үшін төлем, киловаттқа цифрлық майнинг ақысы, алынған сыйақыдан корпоративтік табыс салығы, майнинг-пулдағы корпоративтік табыс салығы, криптовалюталардағы айырбастау ақысы.

Былтыр Қазақстанда энергия тапшылығы туындаған шақта билік те, тасымалдаушы оператор да елдегі электр қуаты тапшылығын криптовалюта өндірісімен айналысатын майнерлердің күрт көбеюімен байланыстырған еді. Кейін Энергетика министрлігі "криптовалюта өндірісімен заңсыз айналысқан" оннан астам нысанды анықтағанын хабарлаған.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов 12 қазанда мәжіліс кулуарында Қазақстанда майнингпен айналысқан 150 компанияның үштен бірі қызметін тоқтатқанын айтты. Елуге жуығы ресми тіркелген.

"Олардың жабдықты жеткізу, тұтыну және жұмыс істейтін орны бойынша шешілмеген мәселелері бар" деді вице-министр.