Қырғызстанда тағы бір журналист қамауға алынды

Қырғыз журналисі Семетей Таласұлы (оң жақта).

Қырғызстанда журналист Семетей Таласұлы Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына 48 сағатқа қамалды. Бұл туралы оның адвокаты Асқат Жақыпбеков хабарлады.

Оның сөзінше, Таласұлы Қылмыстық кодекстің 332-бабы ("Экстремистік материалдарды әзірлеу, тарату") бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған. Оған бұлтартпау шарасын белгілеу мәселесі 2 қарашада қаралады.

Ішкі істер министрлігі журналистің қамалуына байланысты әзірге пікір білдірмеді.

Семетей Таласұлын жыл басында Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті тергеген. Кейінгі кезде журналист Кемпірабад су қоймасы туралы ой-пікірін әлеуметтік желілерде ашық білдіріп келген.

41 жастағы Семетей Таласұлы – Қырғызстандағы тәуелсіз журналистердің бірі. Ол ұйымдасқан қылмыстық топтар, жемқорлық мәселелерін жиі көтереді.

Осыған дейін елде Кемпірабад су қоймасын Өзбекстанға бермеуді талап еткен белсенділер ұсталып, олардың "жаппай тәртіпсіздік" бабымен күдікке ілінгені жайлы хабар тараған. 24 қазанда Бішкекте Кемпірабад су қоймасын қорғаушыларды босатуды талап еткен митинг өткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бішкек Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын ескертусіз бұғаттап тастады