Мессидің арманы орындалған дода. Аргентина әлем кубогын иеленді

Аргентина әлем кубогымен. Катар, 18 желтоқсан 2022 жыл.

Футболдан Катарда өткен әлем кубогының финалында Аргентина құрамасы Францияны пенальти арқылы жеңіп, әлем чемпионы атанды. Осылайша әлемнің үздік ойыншыларының бірі 35 жастағы Леонель Месси әлем кубогында топ жарып, арманына жетті. Месси финалда дубль, ал Франция құрамасының лидері Киллиан Мбаппе хет трик авторы атанды. Азаттық Катардағы әлем кубогының финалын қорытындылайды.

ФИНАЛ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

18 желтоқсандағы финалдың басынан-ақ Аргентина басымдықты қолға алып, Францияның айып алаңында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастыра алды. Сондай сәттің бірінде франциялық қорғаушылар айып алаңда аргентиналық Анхель Ди Марияны шалып жығып, төреші 11-метрлік пенальти белгіледі. Пенальти тепкен Месси мүлт кеткен жоқ. Ал 36 минутта Ди Марияның өзі Уго Льорис қорғаған қақпадан саңылау тапты.

Ойынның 64-минутында Аргентина бас бапкері шабуылшы Ди Марияны қорғаушы Маркос Акуньяға алмастырып, қорғанысты мығымдады. Бірақ бұл шешімнен пайда болған жоқ.

78 минутта аргентиналық қорғаушы Николас Отаменди айып алаңында француз Коло Муаниді шалып шығып, төреші Аргентина қақпасына пенальти белгіледі. Франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе қиыс кеткен жоқ. Араға екі минут салып, сол Мбаппе Аргентина қақпасына екінші голды салып, есепті теңестіріп кетті.

Месси (сол жақта) мен Мбаппе финалда.

Бұл есеп 90-минутқа дейін өзгермей, финал қосымша уақытқа ұласты. Экстра таймның 109-минутында Месси тағы бір гол салып, Аргентинаны алға шығарды. Бірақ 118 минутта Мбаппе есепті тағы теңестірді. Бұл есеп ойын соңына (120 минутқа) дейін өзгерген жоқ.

Матчтан кейінгі пенальти сериясында Аргентина төрт гол салса, аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинез франциялықтардың екі пенальтиін қайтарды. Осылайша әлем бұл финалда экстра таймды да, қосымша уақытты да көрді.

Аргентина - әлем чемпионы. Аргентиналықтар қуаныштан, франциялықтар өкініштен көздеріне жас алды.

Аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинез үздік қақпашығы берілетін "Алтын қолғапты" алды.

Бірінші таймда Аргентина екі гол салғанда Франция екінші таймда есеп теңестіреді дегенге сену қиын еді. Бірақ Мбаппе Аргентинаның екі голына екі голмен жауап қатып, есепті теңестіріп кеткенде кубокқа талас қайта басталды. Жүйке мен сәттілік сынға түскен пенальтиде Аргентина басым болды. Пенальтиде франциялықтардың екі соққысын қайтарған қақпашы Мартинездің шеберлігін де атап өткен жөн. Аргентиналық голкипер Катардағы әлем кубогының үздік қақпашасы атанып, "Алтын қолғапты" иеленді.

Аргентина араға 36 жыл салып, әлем кубогын иеленді. Бұл елдің құрамасы 1986 жылы чемпион атанған еді. Одан кейін 1990, 2014 жылғы әлем кубоктарында финалда жеңілген.

Месси әлем кубогын сүйіп жатыр.

2018 жылы әлем чемпионы атанған Франция құрамасы бұл жолы күміс медаль иеленеді.

Ал Франция, Испания чемпионатын; Чемпиондар лигасын; Оңтүстік Америка кубогын; Алтын доп жеңген Месси жүлделер коллекциясына әлем кубогының алтынын да қосты. 35 жастағы футболшы 2026 жылғы әлем кубогына қатысар-қатыспасы белгісіз. Бірақ қазірдің өзінде Мессиде кез келген футболшы армандайтын жүлденің бәрі бар.

Месси Катардағы әлем чемпионатының үздік футболшысы ретінде "Алтын доп" алды. Ол осы біріншілікте Аргентина сапында барлық ойынға қатысып, жеті гол салды, үш нәтижелі пас берді. Месси 2014 жылғы әлем кубогының да үздік ойыншысы атанған еді, бірақ сегіз жыл бұрын Аргентина финалда Германиядан жеңіліп қалған.

АРГЕНТИНАНЫҢ КАТАРДАҒЫ ЖОЛЫ

Әлем кубогы алдында сарапшылар мен аналитикалық орталықтар Аргентинаны Бразилиядан кейінгі әлем чемпионатының фавориті ретінде санаған. Бірақ аргентиналықтар турнирдің алғашқы матчында Сауд Арабиясынан жеңіліп қалған еді. Дегенмен Месси бастаған команда тез ес жиып үлгеріп, топта Польша мен Мексиканы 2:0 есебімен жеңді де, топтан бірінші орынмен шықты.

Аргентина футболшылары әлем кубогын жеңген сәт.

1/8 финалда Аргентина Австралиядан 2:1 есебімен басым түскен, ал ширек финалдағы Нидерланд құрамасымен өткен ойын Аргентинаға бұл біріншіліктегі ең қиыны болды. Екі ел жеңімпазды пенальти арқылы анықтаған еді. Ал жартылай финалда Хорватияны еш қиналмай 3:0 есебімен жеңді.

Бұл әлем чемпионатында қола медальды Хорватия иеленді. Олар қола медальға таласта Мароккодан басым түсті – 2:1.

Келесі әлем кубогы 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтіп, алғаш рет бұл турнирде 48 елдің құрамасы қатыспақ.