Ақтөбе қаласындағы КА-168/2 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан тұтқын тағы алты жылға сотталды. Сот үкімін қалалық №2 сот шығарған, ал Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы 28 желтоқсанда алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Осыдан соң сот үкімі бірден күшіне енді. Бұл туралы Азаттыққа айыпталушының адвокаты хабарлады. Ал Ақтөбе облыстық соты ақпаратты растады.
Сот "айыпталушы Е. биыл қаңтар мен ақпанда "камераластарының дүниетанымына ықпал етіп, терроризмді насихаттаған", "мұсылман дінін ұстанбайтындарға, оның ішінде иудаизм өкілдеріне дұшпандық көзқарас қалыптастырып, дін араздығын туғызған" деп тапқан.
Ер адам Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, діни араздықты қоздыру" және "Терроризмді насихаттау" бабымен айыпталған. Сотта прокурор оны сегіз жылға соттауды сұраған еді.
Айыпталушы Е. өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
- Ол сот алдында мүлдем жауап бермей қойды. Тек соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Бұл іс бойынша үш сараптама тағайындалған болатын. Бірінші сараптама сотталушының сөзінде терроризм насихаты бар деп шешкен. Соңғы екі сараптама терроризм насихаты жоқ деп берді. Бірақ судья үкім шығарғанда бірінші сараптаманы басшылыққа алды, - дейді сотталушының адвокаты Азамат Байболатов.
Қорғаушының сөзінше, ақтөбелік тұрғын 2015 жылы терроризм айыбымен істі болып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол 2023 жылғы сәуір айында бостандыққа шығуы керек болған.
Сот үкімі бірден күшіне енген соң адвокат жоғарғы инстанцияларға, соның ішінде Жоғарғы сотқа дейін баратынын айтады.
29 желтоқсанда жергілікті агенттіктер ҰҚК-ға сілтеме жасап, "түрмеде терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздырды" деп айыпталған Е. деген азаматқа қатысты қылмыстық іс аяқталғанын хабарлаған.