Ақтөбеде "қаржы пирамидасын құрып, 800 адамға залал келтірген" алты азамат сотталды

Ақтөбедегі сотта "қаржы пирамидасы мен ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" деп айыпталған алты ақтөбелікке үкім оқылды. Ақтөбе қаласы. 17 қаңтар 2023 жыл.

17 қаңтарда Ақтөбе соты "қаржы пирамидасын құрып, 800-ге жуық тұрғынға 4 млрд теңгеден астам залал келтірді" деп айыпталған алты азаматты бас бостандығынан айырды. Сот "ұйымдасқан қылмыстық топқа жетекшілік етті" деп күдікке ілінген Дархан Аймағамбетовті 10 жылға түрме жазасына кесті. Аймағамбетов 2019 жылы қарашада "Выгодный депозит" серіктестігін құрып, Қазақстанның батысындағы үш облыста 2020 жылдың ақпан айына дейін жұмыс істеген.

Тергеу Дархан Аймағамбетовті Қылмыстық кодекстің "Қаржылық пирамида құру және басқару", "Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару я қатысу" бабымен айыптаған.

Сот үкімі күшіне енсе, Аймағамбетов он жылдық түрме жазасын орташа режимдегі колонияда өтейді. Жазасын өтеп шыққан соң 7 жыл бойы коммерциялық, қаржылық ұйымдарда жетекшілік ете алмайды.

Прокурор бұрын сотталған Дархан Аймағамбетовке 17 жылдық түрме жазасын сұраған еді. Сот Аймағамбетовтің айыбы жәбірленушілердің, куәлардың сөзімен, бухгалтерлік құжаттармен, аудиторлардың тексеруімен, сараптамалармен дәлелденді деп санайды.

Сот үкіміне сай, Аймағамбетов құрған топтың мүшелері – Тимур Қарасаев, Нұржан Берниязов, Алмат Тағанов, Марат Күржімбаев пен Мақсат Әбуғалиевтың әрқайсысы 8 жыл түрме жазасына кесілді. Бұл азаматтар да жазасын өтеп шыққан соң 7 жыл бойы коммерциялық, қаржылық ұйымдарда жауапты қызметтерді атқара алмайды.

Тергеу "800-ге жуық тұрғынға 4 млрд теңгеден астам залал келтірді" деп отырған алты сотталушы үкімді эмоциясыз тыңдады. Ал олардың адвокаттары журналистермен сөйлесуден бас тартты.

Үкім шыққан кезде сот залында сотталушылардың туыстары болмады. Сотталушылардан бөлек залда өзін "жәбірленушілерміз" деп атаған төрт адам отырды. Солардың бірі - Мейірбек есімді жас жігіт "Выгодный депозит" компаниясына зауыттан 2002 жылы шыққан Toyota Camry маркалы көлігін 3 млн 500 мың теңгеге сатқанын айтады.

- Көлігімді сатпақ болып, желіге хабарландыру берген едім. "Выгодный депозиттен" хабарласып, сұрап отырған бағама 800 мың теңге қосып беретінін айтты. Бұл - 2020 жылы қаңтар айында болған оқиға. Алғашқы екі аптада 285 мың теңгеден берді де, бір айдан кейін Ақтөбенің 12-ықшам ауданындағы офистерін жауып, қашып кетті. Көлігімді Қызылорда жаққа сатып жіберген. Содан бері үшінші жыл болды, ақшамды ала алмай жүрмін, - дейді Мейірбек.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, судья Жанас Қуанышев жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздарын толық қанағаттандырған. Сотталушылар жәбірленушілерге келген залалды өтеуі тиіс. Салымшылардың бірі "Выгодный депозит" компаниясына 40 млн теңгесін өткізген.

Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.