Алматыда 8 наурызда әйелдер шеруі мен митинг өткізуді жоспарлаған белсенділер жергілікті билік митинг өткізуге рұқсат бермегенін айтып отыр. 25 қаңтарда баспасөз жиынын өткізген олар бейбіт жиын өткізу құқығы бұзылғанын жеткізді.
Шеруді ұйымдастырушылардың бірі құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің сөзіне қарағанда, белсенділер әкімдікке өтінішті 2022 жылдың 14 желтоқсанында жіберген. Бес күннен соң әкімдіктен жауап келген. Онда жергілікті атқару органының өкілдері 2023 жылы 8 наурызда Алматыда "Еріктілер лигасының" үш митингісі мен бір шеруі болатынын, сол себепті белсенділер сұраған "орын бос болмайтынын" айтқан.
Бір қызығы, "Еріктілер лигасы" да өтінішті " 14 желтоқсанда берген, белсенділер түсірген өтінішпен айырмасы — 15 минут қана" дейді жиынды өткізушілер.
Татьяна Чернобильдің сөзіне қарағанда, қазір шеруді ұйымдастыру комитеті әкімдікті сотқа берген. Сотты күтіп отыр.
"Заң мен Конституция біздің жақта деп санаймыз. Әкімдік арнайы орында бірнеше шара өткізгісі келген ұйымдарды кезекке қоюға тиіс еді. Заң бізді де, "Еріктілер лигасын" да бейбіт жиын өткізу құқығынан айырмауы тиіс" дейді Татьяна Чернобиль.
Алматы қаласының ішкі саясат басқармасы жетекшісінің орынбасары Айдар Есенбеков Азаттыққа берген жауабында әкімдік "орын болмағандықтан" феминистер қауымдастығына митинг өткізуге рұқсат бермегенін растады. Бірақ балама орын немесе уақыт ұсынылмауының себебін түсіндірмеді. "Не себепті бір ұйымға бір күні төрт шара өткізуге рұқсат берілген?" деген сұраққа Есенбеков жауап беруден бас тартып, телефон тұтқасын қоя салды.
Алматы әкімдігі "Еріктілер лигасына" 8 наурызда төмендегідей шараларды:
- Ганди ескерткіші маңында "Ана — отбасының тірегі" атты тақырыпта митинг;
- "Сарыарқа" кинотеатрының артында "Ана — сұлулық шыңы" атты митинг;
- Шоқан Уәлиханов алаңында "Зорлық-зомбылықсыз әлем" атты митинг;
- Шевченко көшесі бойында "8 наурыз — көктемнің алғашқы мерекесі" атты шеру өткізуге рұқсат берген.
Белсенділердің айтуынша, "Еріктілер лигасы" Алматы әкімдігі жариялаған тендерлерге жиі қатысып, тапсырыстар алады. Қордың құрылтайшысы әкімдіктегі жастар саясаты басқармасына жетекшілік етеді.
Бұған дейін "Власть" сайты "Еріктілер лигасы" Көкжайлау шатқалында демалыс орнын салуды қолдап, қол жинауға көмектескенін жазған. Бұған қоса, 2019 жылы "студенттерді сайлауға қатысуға мәжбүрлеуге атсалысқан".
"Еріктілер лигасының" өкілі Азаттыққа 8 наурыз күнгі жоспарды "анықтап", қайта хабарласатынын айтты. Жаңалық шыққанға дейін хабарласқан жоқ.
25 қаңтар күнгі жиында шеруді ұйымдастырушылардың бірі Жанар Секербаева "билік әйелдердің мемлекет ісіне араласуынан қорқады, митингіге рұқсат бермеуінің ар жағында сондай үрей жатқан болуы мүмкін" деп топшылады. Егер билікке әйелдер келсе, үкімет әлі жауабын таба алмаған өзекті мәселелер қозғалуы мүмкін деді.
Оның айтуынша, парламентте тұрмыстық әлімжеттікпен күресуді көздейтін заң жобасын "шаң басып жатқанына" үш жыл болған. Ал жоғарыда оны қабылдауға мүдделі емес адамдар отыр. Белсенді сөз арасында Қызылордада жуырда Ажар есімді қызды ұрып-соғу фактісіне полицейлер назар аудармай қойғанын еске салды.
Белсенділер сәрсенбі күнгі жиында 8 наурызға дейін демалыс сайын митинг өткізуді жоспарлап отырғанын, тиісті өтініштерді бергенін хабарлады.
2021 жылы да Алматы әкімдігі белсенділерге 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей, халықаралық ұйымдар мәселеге алаңдаған. Дегенмен ізінше белсенділердің өтініштері мақұлданғанған. 2022 жылы 8 наурызда Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші алдындағы митингіге мыңнан астам адам жиналды. Жиында сөйлегендер әйелдердің зейнет жасын төмендетіп, 58 жасқа түсіруді, әйелдерге зорлық-зомбылық жасауды тоқтатуды, әйелдерді мемлекет басқару ісіне араластыруды талап етті.
Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыда "Әр әйел – жалғызым" ұранымен белсенділер шеруге шықты