РБК: Кремль соғыстың бір жылдығы қарсаңында митинг-концерт өткізеді

Владимир Путин "Лужники" стадионындағы митингіде сөйлеп тұр. 18 наурыз, 2022 жыл.

Кремль Ресейдің Украинаға басқыншылығының бір жылдығы қарсаңында, 22 ақпанда митинг-концерт өткізеді, оған Ресей президенті Владимир Путин қатысады. Бұл жөнінде үш дереккөзге сүйенген РБК сайты хабарлады. Концерт өтуі мүмкін ықтимал орындардың бірі – "Лужники" стадионы.

Путин соңғы рет бұл стадионда былтыр 18 наурызда сөз сөйлеген. Шоу Қырым аннексиясына 8 жыл толғанына орай ұйымдастырылған.

Дереккөздердің бірінің айтуынша, 22 ақпан күнгі митинг-концерт президенттің былтыр 21 ақпан күнгі федерация жиынына жолдауының "жалғасы" ретінде қарастырылуы мүмкін.

"РИА Новости" агенттігінің парламенттегі дереккөзі де биыл 22 ақпанда "Лужники" стадионында 200 мың адам қатысатын митинг-концерт өтетінін жазды. Оған Путин қатысады.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков РБК сайтына әзірше "Лужники" стадионындағы шара жөнінде "ештеңе айта алмайтынын" хабарлады.