Ташкентте Путинді сынаған ресейлік стендап-комиктің микрофоны өшірілген

Ресейлік әртіс Данила Поперечный Мәскеуде, 2019 жыл.

Ресейлік стендап-комик Данила Поперечный Ташкенттегі концертінде саяси мәселелерді қалжыңға тікелей немесе жанама қосқан сайын микрофоны өшірілгенін айтты.

Поперечныйдың сөзіне қарағанда, концерттен тіпті "Ресей" сөзі бар қалжыңдардың бәрін қиып тастаған. Куәгерлердің айтуынша, стендап-комиктің микрофоны ол соғыс, Ресей президенті Владимир Путин, саясат жайлы айта бастаған шақта бірден өшіріліп отырған.

"Ақыр соңында жергілікті құқық қорғау органдарының нұсқаулығымен материалдағы кемінде 50 минут алып тасталды. Өз үйімде отырғандай болдым" деді Поперечный.

Ол көрермен алдында кешірім сұрап, тіпті төленген ақшаны қайтарып беруге дайын екенін жеткізді.

Ресей Украинаға басып кіргелі Данила Поперечный қоқан-лоқы мен қамауға алудан сескеніп, Ресейден уақытша кеткен. Қазір ол жаңа бағдарламасымен елдерді аралап жүр. Ташкенттен кейін Түркияда концертін өткізеді.

Поперечный саяси мәселелерге қатысты пікірін сахнада немесе сахнадан тыс жерде де айтып жүр. Ол Путинді және Ресейдің өзге де шенеуніктерін сынаған, оппозиция митингілеріне қатысқан.