Путин Украина мен Ресейдегі жарылыстарға Батыстың арнайы қызметін айыптады

Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин Ресейде және Украинаның Ресей бақылайтын аймақтарында "теракт пен диверсиялар жасауға үшінші елдердің арнайы қызметі қатысып жатқанын" мәлімдеді.

Путин бұл сөзіне дәлел келтірген жоқ, тек "осылай деп айтуға барлық негіз бар" деді. Оның сөзінше, билік пен құқық қорғау органдарының өкілдеріне, журналистерге, қоғамдық белсенділерге қарсы теракт жасалып жатыр.

Ресей президенті Украинаның аннексияланған аймағында жағдай ауыр екенін айтып, құқық қорғау органдарына қауіпсіздікті барынша күшейтуді тапсырды.

Путин өткізген Қауіпсіздік кеңесінің жиынына аннексияланған төрт облыстың Мәскеу тағайындаған басшылары да қатысты.

Путин оккупацияланған аймақтарды интеграциялауға және соғыстан бұзылған қалаларды қалпына келтіруді тездетуге үндеді.

Киев Ресей басып алған аймақтарды қайтарып алатынын мәлімдеді. Сол үшін Украина кең ауқымды шабуылға дайындалып жатыр. Былтыр Украина Ресей аннексиялағанын жариялаған бірқатар аймақты – Херсон мен Донецк облыстарының бір бөлігін қайтадан өз бақылауына алған.