Ресей әділет министрлігі журналист Аркадий Бабченконы "шетел агенті" деп таныды

Аркадий Бабченко.

Ресей әділет министрлігі журналист Аркадий Бабченконы "шетел агенттері" тізіміне енгізді.

Ведомствоның хабарлауынша, Бабченко "Украина қарулы күштерін қолдау үшін қаражат жинаған" және "билік органдарының саясаты туралы жалған ақпарат таратқан".

Бабченко Шешенстандағы соғыс кезінде "Московский комсомолец" басылымының әскери тілшісі болған. "Новая газета" және өзге де ақпарат құралдарымен әріптестік орнатқан. 2014 жылы Украинадағы оқиғалардан да хабар таратқан. 2017 жылы қауіпсіздігіне алаңдап, Ресейден кеткен.

Бабченко – Ресей президенті Владимир Путин мен оның Украинаға қатысты саясатын қатаң сынаған тұлғалардың бірі. Ресейден кеткен соң, біраз уақыт Украинада тұрды. 2018 жылы Украина қауіпсіздік қызметі оған қастандық жоспарлаған адамды табу үшін оны қаза болды деп мәлімдеген. Владимир Зеленский президент сайлауында жеңгеннен кейін журналист бұл елден кеткен.

2020 жылы Росфинмониторинг Бабченконы террористер мен экстремистер тізіміне енгізген. 2023 жылы қаңтарда Ресей ІІМ оған іздеу жариялаған.

Өзінің "шетел агенті" ретінде танылуы жөнінде пікір білдірген Бабченко Украина қарулы күштеріне көмектесу үшін қаржы жинап жатқанын растады. Оның сөзінше, соғыс басталғалы бері украин армиясының керек-жарағына деп 1 млн еуродан астам қаражат жинаған.

"Шетел агенті" тізіміне сонымен бірге "Хроникёр" ұйымы да енгізілді. Ол – бұған дейін "шетел агенті" деп танылған "Эхо Москвы" радиостанциясының бұрынғы бас редакторы Виталий Рувинскийге тиесілі ұйым.