Алматыда белсенді сайлаудағы заңсыздықты айтып, пикет өткізді

Белсенді Равкат Мұхтаров пикет кезінде осындай плакат ұстап тұрды. Алматы, 14 сәуір, 2023 жыл. Сурет белсендінің Facebook-тегі парақшасынан алынған.

Алматыда мәслихат депутаттығына кандидат болған белсенді Равкат Мұхтаров сайлаудағы заңсыздықты айтып, пикет өткізді.

Жалғыз адамдық пикет белсенді сайлауға түскен аудан – Абай даңғылы мен Момышұлы көшесінің қиылысында өтті.

– Мен сайлау нәтижесін мойындамайтынымды айтып келемін. Прокуратураға арыз бердім. Аумақтық сайлау комиссиясына өтініш түсірдім. Заңбұзушылықтарды көрсеттім. Бірақ ешқайсысы мойындамайды. Сайлау нәтижесін қабылдады. Соған келіспейтінімді білдіру үшін, осы халықпен кездесу үшін, сайлау туралы тағы бір рет сөйлесу үшін шықтым. Сол үшін прокуратура емес, ОСК емес, өзімнің ауданымда шықтым, – деді Равкат Мұхтаров Азаттыққа.

Ол бұған дейін пикет өткізетіні жөнінде әкімдікке ескерту-хат тапсырған. Сол себепті бұл "заңды пикет" екенін айтты.

Белсенді мәслихат сайлауына Ақсай, Мамыр аудандары орналасқан №7 округтен қатысқан.

Бұған дейін көптеген белсенді сайлаудағы заңсыздықтарды айтып, дауыс беру нәтижесін жоюды талап еткен. Билік сайлауда "нәтижесіне әсер ететіндей ірі заңсыздық болған жоқ" деп мәлімдеген. Сайлаудағы заңсыздықтар (жәшікке бюллетеньдерді топтап салу, бір адамның бірнеше учаскеде дауыс беруі, бақылаушыларды учаскеден шығару және тағы басқа) болғанын тәуелсіз бақылаушылар да айтқан. ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылаушылар миссиясы сайлау учаскелері жабылғаннан кейін дауыс санау процесі ашық болмады деп бағалады.

Осыған дейін билік сайлау нәтижесіне қарсы митинг өткізбек болған белсенділердің өтінішін кері қайтарып, кейбірін қамаған.