Бір күн бұрын полиция жұмыс орнынан ұстап әкеткен белсенді Мәдина Көкетаеваның соты 17 сәуірге қалдырылды. Sud.kz сайтында жарияланған құжатта солай деп жазылған.
Белсендінің әріптесі Жібек Әменованың сөзінше, 14 сәуір күнгі сотта Мәдина Көкетаеваның жағдайы нашарлаған, жедел жәрдем көлігі шақырылып, ол ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер белсендіге 5-7 күн амбулаториялық ем тағайындаған.
– Полицейлер медицина қызметкерлеріне ықпал етуге тырысты. Бірақ оған мүмкіндік берген жоқпыз. Олар Мәдинаның МРТ-дан өтуіне де кедергі жасады, – деді Жібек Әменова 15 сәуірге қараған түні Азаттыққа.
Ол полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты шағым түсіргенін де айтты.
Сенбі, 15 сәуірде полициядан жауап алу мүмкін болмады.
14 сәуірде полиция Көкетаеваны ұстағаннан кейін оның үстінен "бейбіт жиын тәртібін бұзу" бабы бойынша хаттама толтырылғаны белгілі болған.
Жаңаөзен мұнайшыларының наразылығы тұсында кейінгі күндері елде бірқатар белсенді әкімшілік жауапқа тартылып жатыр.
Әкімшілік жауапқа тартылғандар арасында Әлнұр Ілияшев, Мұхтар Тайжан, Асылбек Қараев, оралдық журналист, мәжіліс депутаттығына кандидат болған Лұқпан Ахмедияров, астаналық саясаткер Нұржан Әлтаев, қоғам белсендісі, "Халық парламентінің" мүшесі Рысбек Сәрсенбайұлы бар.
11 сәуірде Астанада тұрақты жұмыс талап еткен Жаңаөзен мұнайшыларын арнайы жасақ күш көрсетіп ұстады. Белсенділер бұған наразылық білдіріп, оларды босатуды талап еткеннен кейін өздері де ұстала бастады.