Суданда тәртіпсіздік кезінде кемінде 56 адам қаза болды

Судан.

Суданда жексенбіге қараған түні тұрақты армия мен үкіметшіл "Жылдам қолдау күштері" әскери тобы арасында қарулы қақтығыс жалғасты. Бір түнде кемінде 56 адам қаза болды, шамамен 600 адам жараланды.

Судан дәрігерлер одағына сүйенген Reuters агенттігі қаза болғандардың бәрі бейбіт азамат екенін жазды. Қанша әскери қызметкер қаза болғаны белгісіз, журналистер "ондаған" жауынгер опат болған болуы мүмкін дейді.

Судан армиясы "Жылдам қолдау күштерінің" Хартум маңындағы базасына әуеден соққы жасаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, астана мен оның маңындағы елді мекендерде ауыр артиллерия дыбысы естілген.

Судан армиясының бас қолбасшысы генерал Әбдел Фаттах әл-Бурхан "Әл-Жазира" телеарнасына берген түсініктемесінде "Жылдам қолдау күштерімен" келіссөзге дайын екенін, егер олар қаруларын тастауға келіспесе, Хартумға өзге аймақтардан әскер кіргізілетінін айтты. Ал "Жылдам қолдау күштерінің" басшысы генерал Мұхаммед Хамдан Дагало әл-Бурханды "өтірікші, қылмыскер" деп айыптап, оны ұстап, сотқа тапсыратынын немесе ол "ит сияқты өлетінін" айтты. Ол тұрақты армияның әскери базасын басып алмайынша соғысатынын айтқан.

Saudia әуекомпаниясы Хартум әуежайы да атқылауға ұшырағанын, ұшақтардың бірі бүлінгенін хабарлады. Қазір әуекомпаниялардың басым бөлігі Хартумға рейстерін тоқтатқан. Чад мемлекеті Суданмен шекарасын жапты.

"Жылдам қолдау күштері" – Судан тұрақты армиясының құрамына кірмейтін, қорғаныс министрлігіне бағынбайтын әскери құрылым. 2019 жылы ол әскери төңкерісті қолдап, төңкерістің салдарынан авторитар президент Омар әл-Башир биліктен қуылған. 2021 жылы құрамында шамамен 100 мың адамы бар ұйым екінші әскери төңкерісті қолдаған.

Армия мен азаматтық сала шенеуніктері "Жылдам қолдау күштерін" қарулы күштердің құрамына қосуды талап етіп отыр. Бұл бойынша келіссөз 1 сәуірге дейін аяқталуға тиіс болған, алайда жоспарланған келісім белгісіз мерзімге шегерілген.

  • 2022 жылы Дагало Мәскеуге барып, Қызыл теңізде ресейлік әскери база салуды қолдаған. Бұл жобаны 2019 жылғы төңкеріске дейін Омар әл-Башир мақұлдаған.
  • Суданда ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының өкілдігі де бар. Ол жергілікті әскерді соғысқа баулыған. Осы ұйымға қатысы бар алтын өндіретін компания қызметкеріне осы аптада контрабанда бойынша айып тағылған.