16 сәуірге қараған түні Германияда жұмыс істеп тұрған соңғы үш атом электр станциясы өшірілді. 2011 жылы Жапониядағы "Фукусима-1" АЭС-індегі апаттан кейін Германия атом энергиясынан толық бас тартқан. Бұл әлі күнге дейін неміс қоғамында қызу талқыланып келеді.
Германияда алғашқы атом станциясы 1961 жылы жұмыс істей бастаған. 2000-жылдары елде 19 АЭС болды, олар елдегі электр энергиясының үштен бір бөлігін өндірді. Фукусимадағы апаттан кейін Ангела Меркель үкіметі атом энергетикасы өте қауіпті сала деп мәлімдеп, одан кезең-кезең бойынша бас тартатынын айтқан.
Елдегі ең соңғы үш реактор – Бавариядағы "Исар 2" станциясындағы реактор, Баден-Вюртембергтегі "Некарвестхайм 2" және Төменгі Саксониядағы "Эмсланд" былтыр жыл соңына дейін өшіріледі деп жоспарланған. Алайда Еуроодақ санкциясы нәтижесінде Ресей Германияға отын тасымалдауды тоқтатқаннан кейін АЭС-ті пайдалану мерзімі сәл ұзартылған.
Сенбі және жексенбі күндері Германияда АЭС-ті жақтайтындар мен оған қарсы азаматтар қатар митинг өткізді. Саясаткерлер арасында бұл тақырыпқа қатысты ортақ пікір жоқ. "Жасылдар" партиясына мүше, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі министр Штеффи Лемке атом энергетикасынан туындайтын қауіпті уыста ұстап тұру мүмкін емес, ал одан бас тарту жасыл энергия көздеріне көшуді жеделдетеді дейді.
Ал Германияның еркін демократиялық партиясының өкілдері, оның ішінде қаржы министрі Кристиан Линднер де АЭС-тен бас тартқаннан кейін елде электр энергиясы қымбаттай түседі деді. Оның пікірінше, елдегі барлық АЭС-ті өшірсе де, Германия атом энергетикасы саласындағы зерттеулерді тоқтатпауға тиіс – ғалымдар, бәлкім, осы салада қауіпсіздеу шешім тауып қалар дейді.
YouGov әлеуметтік институты жүргізген сауалнама немістердің үштен екісі "бейбіт атомнан" бас тартуды қолдамайтынын көрсеткен. Тұрғындардың 32 пайызы АЭС-тің жұмысын белгілі бір мерзімге ұзартуды, 33 пайызы шексіз ұзартуды қалайтынын айтқан. 26 пайызы ғана Германияда қалған АЭС-ті дереу өшіруді қолдаған.