НАТО-ның жаңа тәсілі: Әрбір дюйм жер алғашқы күннен қорғалады

Латвия мен Ресей шекарасы.

Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруіне байланысты НАТО өзінің шығыс шекарасын қорғау тәсілін қайта қарайды. Осы кезге дейінгі "Қарсыласқа жауап соққы беру" тұжырымдамасын "соққыға жол бермеу" туралы тұжырымдама деп өзгертеді. Бұл жөнінде дүйсенбіде The New York Times жазды. Қорғаныс тұжырымдамасындағы өзгерісті НАТО-ның бұрынғы және қазіргі қызметкерлері де растаған.

Басылымның жазуынша, алғашқы тұжырымдама бойынша, Ресеймен жанжал туа қалған жағдайда Балтық елдері немесе Польша сияқты НАТО елдері жерінің бір бөлігін Ресей басып ала алады, оны негізгі күштер, әуелі АҚШ қарулы күштері келген соң азат етеді.

Екінші тұжырымдама – "соққыға жол бермеу тәсілі" бойынша, НАТО өзінің бір тұтам жерін де басып алуға мүмкіндік бермейді. Польша мен Балтық елдері Украинадағы соғыс тәжірибесін көріп отыр. Ресей алғашқы күндері-ақ үлкен аумақты басып алып, бейбіт халыққа көптеген озбырлық жасады. 2022 жылғы қазанға дейін НАТО бас хатшысының кеңесшісі болған Камиль Грандтың сөзінше, жанжал туған күннен бастап НАТО жерінің әрбір дюймін қорғауды бәрінен бұрын Орталық және Шығыс Еуропа елдері талап етіп отыр.

"Соққыға жол бермеу тәсілі" бойынша, НАТО-ның айтарлықтай мол әскери контингентін Ресеймен шекараға тұрақты орналастыру көзделеді. Оның ішінде қырғиқабақ соғыстан бері алғаш рет АҚШ пен одақтастарының әскери жоспарларын интеграциялау мәселесі де сөз болған. Ресей өзіне қарсы күшті ұдайы сезініп отыру үшін НАТО-ның шығыс шекарасындағы бекінісі Ресейге анық байқалатындай етіп жасалады. Жаңа тәсілге өткен жағдайда НАТО мүшелерінің әскери шығыны кемі 2 пайыз көбейеді. Егер НАТО-ның ірі елдері 10 жыл бойы жалпы ішкі өнімінің 3 пайызын әскери шығынға арнаса, қорғаныс жоспарын жүзеге асыруға жеткілікті.

Ресей Украинаға басып кірген соң, Ресеймен шекарадағы НАТО күштері күрт көбейген. Бұған дейін бейтарап болып келген Финляндия да таяуда НАТО-ға қосылғаны Ресей мен НАТО шекарасын екі есеге жуық ұлғайтқан. Дегенмен НАТО күштерін Ресеймен шекараға тұрақты орналастыруға арналған шектеулер әлі күнге күшін жойған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Путин агрессиясына кез келген ел тап болуы мүмкін". АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға қандай мақсатпен келді?