"Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу басталғаны хабарланды

Жаңаөзендегі "Өзенмұнайгаз" кеңсесі.

21 сәуірде кешкісін "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компанияларының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды. Соңғы аталған компанияның жұмыссыз қалған мұнайшылары жуырда Астанаға келіп, наразылық өткізген еді.

Қаржылық мониторинг агенттігіне қарасты Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын Ulysmedia сайтына растаған.

"Өзенмұнайгаз" және "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорындарының лауазымды тұлғалары "ірі көлемде қаржы жымқырды" деген күдікке ілінген.

"Атап айтқанда, "Өзенмұнайгаз" АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты жаңа сорғы-компрессор құбырларын өтірік орнатып, кәсіпорынның ресми және есеп құжаттарын бұрмалау арқылы жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр" деп жазылған хабарламада.

Бұған қоса, "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" лауазымды тұлғалары 2022 жылы мұнай ұңғымаларын жөндеуге бөлінген ірі көлемдегі ақшаны жымқырды деген күдікке де ілінген.

"БерӘлі Маңғыстау Company" басшыларына "жақын туыстарымен келісімшарт жасасты" деген күдік те айтылып отыр. "Шын мәнінде 248 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылып, игерілген" деп жазылған хабарламада.

"Бұл қаражат компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, оның ішінде жалақыны өсіруге жұмсалуы мүмкін еді. Тұтас алғанда, аталған жайт компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық туғызды" деп жазылған баспасөз хабарламасында.

"Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниялары әзірге ресми хабарлама таратқан жоқ.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Астанада қалған мұнайшылар құқық қорғау органдарына арыз түсірген.

Сәуірдің басында "Өзенмұнайгаз" компаниясының мердігері "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорны тендерде жеңіліп, 100-ден астам адам жұмыссыз қалған. Жаңаөзенде жұмыс талап кеткен мұнайшылар 10 сәуірде Астанаға келді. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды 11 сәуірде кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап әкеткен. Бұдан соң Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары көшеге шығып, ұсталғандарды босатуды талап етті. Алматы мен Астанада және өзге де өңірлерде белсенділер ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етті.

12 сәуірде таңертең мұнайшылардың көбі пойызбен Жаңаөзенге қайтарылып, 10 адам келісім жүргізу үшін Астанада қалған. 20 сәуірде мұнайшылар ҚМГ келіссөзді тоқтатқанын, талаптары әлі орындалмағанын жеткізген. Ал ҚМГ "арнайы комиссия" құрылғанын, Жаңаөзенде мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың жұмысы тексерілетінін мәлімдеген.