Ирак түрмелеріндегі әйелдер аштық жариялады

Бағдат түрмесіндегі әйелдер. Сәуір, 2023 жыл.

Терроризм күдігімен Ирак түрмесіне түскен әйелдер аштық жариялады. Бұл туралы журналистерге Бағдаттағы "Русафа" түрмесінде отырған қырғыз әйелдері хабарлады.

Аштық жариялағандар арасында Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан және Түркия азаматтары бар.

Әйелдер өздеріне тағылған айыптарды алып тастап, елге қайтаруды талап етіп отыр. Аштық жариялаған әйелдер осындай талап қойғанын Стамбулдағы Дағыстан халықтары диаспорасының өкілдері растады.

Сәуірдің басында "Русафа" түрмесінде отырған 40 қырғыз әйелі журналистер арқылы қырғыз үкіметіне үндеу жолдаған. Әйелдер үндеуде Ирактан алып кетуді өтінген. Қырғыз әйелдерінің айтуынша, олар Сирия мен Иракқа 2014-2015 жылдары күйеулеріне еріп барған. Әйелдер түрмеде жағдай жоқ екенін, бір камерада 50 шақты адам отырғанын жазған. Мұның алдында олардың ата-аналары мен туыстары да үкіметтен Ирак түрмесіндегі әйелдерді елге қайтаруға көмектесуді сұраған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, 2021 жылғы 19 наурыздағы мәлімет бойынша, "Русафа" түрмесінде шетелдік 494 әйел отыр. Олар Иракқа 18 елден келген.