29-30 сәуірде Берлинге жиналған Ресей оппозициясының өкілдері жиынның соңында "Ресей демократия күштерінің декларациясы" деп аталатын құжатқа қол қойды. Құжатты 30 сәуірде кешкісін "Эхо Москвы" сайты мен оппозиционер Илья Пономарев жариялады.
Декларацияда Ресей оппозициясының "стратегиялық мақсаты" "Украинаға басқыншылықты тоқтатып, еркін, құқықтық федерациялық мемлекет құру" деп көрсетілген.
"Ол үшін жұмыла әрекет етуіміз керек" деп жазылған құжатта.
Декларация авторлары Ресей әскерін Украинаның басып алынған аумақтарынан әкетіп, Путин режимін жою қажет дейді. Құжатта Путин режимі заңсыз екені, империялық саясатқа жол беруге болмайтыны, саяси және әскери тұтқындарды босату қажет екені айтылған.
"Қуғын-сүргінге қарамастан, Путинге және соғысқа қарсы пікірін айтып жүрген ресейліктерге қолдау білдіреміз" деп жазылған құжатта.
Декларацияға қол қойғандардың аты-жөні әзірге жарияланбады. "Эхо Москвы" мақаласында бірнеше адамның аты аталады: Михаил Ходорковский, Дмитрий Гудков, Евгения Чирикова. Құжатқа сонымен бірге "Халық депутаттары съезі" ұйымының өкілдері де қол қойған.
Жиынды өткізуге Михаил Ходорковский мен шетелде жүрген өзге де оппозиционерлер мұрындық болған. Оған Алексей Навальныйдың жақтастары қатыспаған.
Дәл осы күндері Берлинде ресейлік құқық қорғаушы, адвокат, 2013 жылы көз жұмған Юрий Шмидті еске алуға арналған адам құқығы бойынша конференция өтті. Оған құқық қорғаушылар, заңгерлер, азаматтық белсенділер, журналистер, неміс саясаткерлері, шетелдегі орыс диаспорасының өкілдері қатысты.