Ресей 8 мамырға қараған түні Киевке "Шахид" камикадзе дронымен шабуыл жасаған. Украина қарулы күштері 35 дронның 35-ін де атып түсіргенін хабарлады. Дрондар Ресейдің Брянск облысындағы Сеща аэродромынан ұшырылған.
Құлаған дрон сынықтарынан бес адам зардап шеккен. Бұл ақпаратты Киев қаласы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Попко хабарлады.
Ресей қарулы күштері 8 мамырға қараған түні Одесса облысын Х-22 зымыранымен атқылаған. Зымыранды Қырымнан Ту-22М3 бомбалаушы ұшағы алып шыққан. Украина әскерінің ақпаратына қарағанда, зымырандар Қара теңіз жағасындағы азық-түлік кәсіпорындарының қоймасына түскен.
Ресей Киев пен Одессаға 4 мамырда да камикадзе дронмен шабуыл жасаған еді. Ол кезде Украина әуе қорғанысы дрондардың бәрін атып құлатқанын хабарлаған. Одессада 15 дронның 12-сі жойылған. Қалғандары қаладағы бір оқу орнының жатақханасына түсіп, өрт шыққан.
Былтыр қыркүйекте Украина қарулы күштері Харьков облысында Иранның "Шахид-136" дрондарын атып құлатқанын алғаш рет мәлімдеген. Ол кезде құлаған дрон сынықтарындағы "М214 Герань-2" деген жазудың фотосы жарияланған.