Путиннің ата-анасының қабіріне жазба қалдырған зейнеткер шартты түрде екі жылға сотталды

Ирина Цыбанева.

Санкт-Петербургте Путиннің ата-анасының қабіріне жазба қалдырған зейнеткер Ирина Цыбанева "жерленгендерді қорлау ісі" бойынша шартты түрде екі жылға сотталды. Жазбада ол [Путиннің] ата-анасынан "маньякты өздеріңізбен бірге алып кетіңіздер" деп өтінген.

Сот үкімі бойынша, зейнеткер екі жыл шартты жазасын өтегеннен кейін тағы екі жыл сынақ мерзімінен өтуге тиіс. Прокурор Цыбаневаны шартты түрде үш жылға соттауды сұраған. Дегенмен зейнеткер өзін түрмеге жібере ме деп қорыққан. "Елде қудалау жүріп жатыр, сол машинаға мені де отырғызуы мүмкін екенін жақсы түсінемін" деді ол сот үкімі оқылмай тұрып.

Былтыр қыркүйекте белгісіз біреу Санкт-Петербургте Серафимов зиратындағы Путиннің ата-анасының қабіріне ұлының әрекетіне шағымданып, жазба қалдырған еді. Плакатта "Құрметті ата-ана! Ұлыңыз білгенін істеп жатыр. Тарих сабағына бармай, көрші партада отырғандармен төбелеседі, мектепті жарамын деп қорқытады! Шара қолданыңыздар!" деп жазылған.

Ирина Цыбаневаның соты 2022 жылғы желтоқсаннан бері жалғасып келді. Сот отырысында ол қабірге жазба қалдырғанын мойындағанымен, тағылған айыпқа келіспейтінін жеткізді. Ол мұндай әрекетті Украинадағы соғыс туралы жаңалықты естігеннен кейін эмоцияға беріліп істегенін, ядролық соққыдан қатты қорыққанын айтты. Ал прокурорлар Цыбанева Путин мен оның ата-анасын жек көргендіктен, жазба қалдырды деп есептейді.