Жаңаөзенде мұнай-газ саласынан тұрақты жұмыс талап етіп, аштық жариялаған жұмыссыз азаматтар денсаулығы сыр бере бастағанын айтты. 11 мамырда әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жағдайы нашарлаған кемінде бір адамды дәрігерлер ауруханаға апара жатқаны түсірілген видео тарады. Азаттық Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аурухана қызметкерлерінен жауап ала алмады. Видеокадрларда фельдшер мен жерде жатқан адам көрінеді.
Белсенді Жадыра Досекеева 11 мамырда Азаттыққа екі адам ауруханада жатқанын, аштық акциясына қатысқандардың бірі әкімдікке келіссөзге кіріп кеткенін айтты. Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақовтың телефон нөмірі қоңырау қабылдамай тұрды.
Жергілікті ақпарат агенттіктері 11 мамырда "Маңғыстау медицина қызметкерлерінің" мәлімдемесін таратты. Ондағы мәліметке қарағанда, 10 мамырда сегіз адам аштық жариялаған. Аштық басталғаннан кейін кемінде 24 сағат өткен соң, наразылар жағынан денсаулығы нашарлағаны жөнінде алты шағым түскен. Мамандар 1992-1999 жылдары туған алты жігіттің денсаулығын тексерген, бірақ ешқандай ауру анықталмаған.
Медициналық көмекке жүгінген азаматтар наразылықты жалғастыру қажетін айтып, ауруханаға жатудан бас тартқан. Мәлімдеме авторлары наразылардан "шұғыл көмек қажет болған кезде ғана" дәрігерлерге жүгінуді өтінді.
"Біз, Маңғыстаудағы медицина қызметкерлері, сіздердің пікір айту құқығыңызды құрметтейміз. Бірақ жедел жәрдем көмегін мақсатқа жету құралы ретінде пайдаланбауды сұраймыз" деп жазылған мәлімдемеде.
Ал Адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Артур Алхастов Азаттыққа бейбіт жиын туралы заңға сәйкес, наразылық ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар да дәрігерлер көмегіне жүгіне алатынын айтты.
10 мамырда Жаңаөзенде полиция қала әкімдігі алдында наразылық білдіріп тұрған 15-тен астам адамды ұстап, ізінше түсініктеме жазғызып босатқан. Кейін наразы азаматтар аштық жариялаған.