Шымкентте Өзбекстан азаматы "қару-жарақ дүкеніне шабуылдады" деген айыппен 15 жылға сотталды

Өзбекстан азаматы Еркинжон Исмоилов сотта отыр. Шымкент, 2 маусым, 2023 жыл.

6 маусымда Шымкенттегі сот Өзбекстан азаматы Еркинжон Исмоиловті Қылмыстық кодекстің "адам өлтіру", "қаруды, заңсыз иемдену", "қаруды ұрлау я қорқытып алу", "қаруды заңсыз жасау" баптарымен кәнілі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды.

50 жастағы Исмоилов үкімге қатысты да, қару дүкеніне не мақсатпен шабуылдағаны жөнінде де пікір білдірмеді. Ол жарыссөзде тағылған айыпты толық мойындайтынын, шын өкінетінін айтып, жәбірленушілерден кешірім сұрады.

Прокурордың сөзінше, Исмоилов бір адамдармен бірге аңшы қаруы мен оның төрт оғын заңсыз иемденіп, оны өзі жалдап тұрған пәтерге жасырған. 20 ақпанда осы қаруды алып, "Арсенал" қару-жарақ дүкеніне барған және дүкен сатушысынан "Сайга" қаруын көрсетуді сұраған. Сатушы қаруды көрсетейін деп тұрған уақытта өзімен бірге алып келген аңшы қаруын кезеніп, "Сайганы" тартып алған. Осы уақытта оқиға орнына екі күзетші келген. Сот құжаттарындағы дерекке сай, Исмоилов қашуға әрекет еткен сатушы мен күзетшілерге қарата оқ атқан. Оқ күзетшілердің бірінің саусағына тиіп, жаралаған. Прокуратура "айыпталушының адам өлтіру ойы жүзеге аспағанын" айтады.

Жарыссөз кезінде прокурор соттан Исмоилов жасаған қылмыс ауыр, өзі қоғамға қауіпті екенін ескеріп, оны 16 жылға соттауды сұрады.

Исмоилов Азаттыққа Өзбекстанның Наманган облысынан Шымкентке келіп, наубайханада нан пісіріп нәпақа тапқанын айтады. Сөзінше, екі баласы бар. Ол түрмеге жабылып, сотталып жатқанынан отбасы хабарсыз.

Сот үкімі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар.